Армения мен Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласында ынтымақтастық орнатады
Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығуға ниетті Армениямен авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл туралы Қазақстанның Азаматтық авиация әкімшілігі хабарлады.
Армения Республикасы Азаматтық авиация комитетінің шақыруымен Қазақстан Азаматтық авиациялық әкімшілігі бас директордың орынбасары Дархан Еспотанов бастаған сарапшылар Арменияның Азаматтық авиация комитеті және Звартноц халықаралық әуежайына барып, АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының (TSA) алдағы алдын ала аудитінен өтуге консультациялық кеңес берген.
«Сапар қорытындысы бойынша Арменияның Азаматтық авиация комитетінің мен ҚАӘ өкілдері авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға және кеңейтуге келісті», – делінген хабарламада.
ҚАӘ сарапшылары Арменияның авиациялық билігінің қызметімен және «Звартноц» халықаралық әуежайындағы авиациялық қауіпсіздік жүйесімен танысты. Сондай-ақ Армения Республикасының авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және ұсынылатын практикасына сәйкестігі тұрғысынан талдау жасаған.
Өз кезегінде, ҚАӘ сарапшылары зерттеген қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жабдықтарын енгізудің озық тәжірибесі Қазақстан Республикасының авиациялық қауіпсіздігіне қатысты нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу кезінде пайдалануды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 29 ақпанда Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін. Бұл жайлы Армения премьер-министрі Никол Пашинян айтқан. Ол ҰҚШҰ-ның республика үшін қиындықтар туғызып отырғанын мәлімдеген.
Армения ұйымға қатысуын неге тоқтатты?
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтты. Мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтқан ол, сол себепті бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтты. Ұйымнның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:
«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.
Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.
«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.
Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.
Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.