«Бәйтерек» холдингі жеке және нарықтан тартылған қаражат есебінен «9-20-25» бағдарламасының уақытын ұзартпақ

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«9-20-25»: өтініштер мамыр айында мақұлдана бастайды / Фото: архив kursiv.media

«9-20-25» бағдарламасы «Бәйтерек» холдингі жеке және нарықтан тартылған қаражат есебінен жалғасын табады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов айтты.

«Бағдарлама 1 наурызда басталды. Бірінші күні бірнеше мың өтінім келіп түсті. Жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. «Отбасы банк» жұмыс істеп жатыр, цифрлық платформа да істеп тұр. Мамыр айында алғашқы несиелер мақұлдана бастауы мүмкін», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бағдарлама бір жылдық жоба болмайды. Алдағы жылдары жалғасын табады.

«Бәйтерек» холдингі жеке және нарықтан тартылған қаражат есебінен «9-20-25» бағдарламасының уақытын ұзартуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны біз алдағы уақытта да қолдауға тырысамыз», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Құйылған қаржы аз емес пе?

«Мен бұл салаға әлі де инвестициялауға болады дегенмен келісемін. Бұл мәселені «Бәйтерек» холдингімен әлі де талқылаймыз», – деді спикер.

Еске сала кетсек, 1 наурыз «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы Отбасы банк баспасөз қызметі хабарлады.

«Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтініш беру уақыты маңызды емес», – делінген хабарламада.

«Отау» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

«Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;

Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;

Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы керек;

Бағдарламаға қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);

Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;

Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

«Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттайтын боламыз. Бұл ақша Отбасы банктің өз қаражаты есебінен бөлінетін болады, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз», – деп атап өтті «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

  • салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1000 теңгеге 5 балл;
  • салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл;
  • тіркелген неке үшін – 10 балл;
  • балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балл.

Ақпаратқа сәйкес, егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.

«Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек», – делінген хабарламада.

Несие көлемі қандай және қандай тұрғын үй сатып алуға болады?

  • Алматы мен Астанадағы заемның ең жоғары сомасы – 30 млн теңгеге дейін;
  • қалған өңірлерде – 18 млн теңгеге дейін.
  • тек алғашқы нарықтағы тұрғын үй – Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында (оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша);
  • басқа елдімекендерде кез келген тұрғын үй.

«Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған»,  –делінген хабарламада

Айта кетейік, әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.

«Отау» бағдарламасының шарттары:

Алғашқы жарна – 20%-дан бастап;

Ипотека бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).

Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Қараша айында «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқаны туралы айтты.

Журналистердің «9-20-25» бағдарламасы жайлы сұрағына жауап берген Ләззат Ибрагимова: «Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Ешқандай лимиті жоқ. Бұл бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді.

Отбасы банкі төрағасы «Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетуіне» орай өткен брифингте жаңа ипотекалық бағдарлама туралы толық ақпарат 2024 жылы жария болатынына тоқталып:

«Жас отбасылардан кезекке тұра алмаймыз, біздің 4 баламыз жоқ. Біз үшін арнайы бағдарлама жасасаңыздар деген көп өтініш келеді. Біздің жоспарымыз туралы желіде ақпарат тарап кетіпті. Егер ол бағдарлама іске қосылса, 2024 жылы ресми ақпарат береміз», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз