Үйлерін жер сілкінісінен сақтандырған қазақстандықтар саны 80%-ға артты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Республика бойынша жеке мүлікін сақтандырған азаматтар саны әлі де аз/ Фото: арххив kursiv.media

Қазақстандықтар өткен жылмен салыстырғанда үйлерін жер сілкінісінен 80%-ға көп сақтандырған.

«2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азаматтар арасында жер сілкінісі жағдайында жасалған мүлікті ерікті сақтандыру шарттарының саны 80%-ға жуық артты», – деп хабарлады «Евразия» сақтандыру компаниясы.

Көрсеткіш әлі де төмен

Биылғы қаңтар-ақпанда Қазақстанда жеке тұлғалар жер сілкінісі және басқа да апатты қауіп-қатер жағдайында 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 77,3%-ға жоғары. Өткен жылдың осы кезеңінде небәрі 482 нысан сақтандырылған. Ел бойынша жеке мүлікті сақтандыру өте төмен деңгейде қалып отыр.

«Бүгінде Қазақстандағы барлық жылжымайтын мүліктің 2%-ы ғана сақтандырылған. Еліміздің 40%-ға жуығы сейсмикалық аймақта орналасқан. Соған қарамастан азаматтар сақтандырудың маңыздылығына мән бермейді. Қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісі көпшілікті полис сатып алу туралы ойландырды. Алайда байланыс орталығына хабарласқандардың 6-7%-ы ғана келіп, мүлкін сақтандырған», – деп түсіндірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.

Сақтандыруға бизнес өкілдері жауапкершілікпен қарайды

Бұл ретте бизнес жылжымайтын мүлікті қорғауға аса жауапкершілікпен қарайды. Қаңтар-ақпан айларында заңды тұлғалар арасында апаттық тәуекелдерден мүлікті сақтандыру шарттары артты. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті. 2023 жылдың екі айында заңды тұлғалардың өндіріп алған жарналарының мөлшері жеке тұлғалардың келісімшарттары бойынша жиналған сыйлықақылардан 740 есе асып түсті.

«Алматыдағы соңғы рет болған жер сілкіністері сақтандыруға қызығушылықты арттырды. Бірақ базалық әсердің төмен болуына байланысты ғана көрсеткіш өсті. Жылжымайтын мүліктің басым көпшілігі ипотекалық несиелеу шеңберінде сақтандырылған. Жалпы, ерікті түрде мүліктікті сақтандыру деңгейі өте төмен күйінде қалып отыр. Алматыда немесе басқа да ірі елдімекендерде жойқын жер сілкінісі болған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен резервіне орасан зор салмақ түседі», – деп түйіндеді компания өкілі.

Сақтандыру саласында елорда көш бастап тұр

Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша көшбасшы  – Астана. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4%-ы келеді. Алматының үлесі небәрі 14,85%-ды құрады. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарты 12 айға жасалады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың аяғында Қазақстанда барлығы 2,52 миллион жылжымайтын мүлік сақтандырылған. Оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. 170,28 мыңы Алматы қаласында, 267,1 мыңы – Алматы облысында – еліміздің жер сілкінісі қауіпті аймақтарында орналасқан.

Еске сала кетсек, қазақстандықтар сақтандыру полисін жиі сатып ала бастады. 2023 жылы жасалған келісім-шарттардың қатары 9%-ға өскен. Бұл мәлімет Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сақтандыру саласына жасаған шолуында жазылған.

Халықаралық еңбек ұйымы (МОТ) мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзінде жыл сайын өндірісте 374 миллионға жуық адам зардап шегеді. 2,78 млн өндірістегі өлім жағдайы тіркеледі. Бұл әлемдік жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 4 пайызын жоғалтуға дейін апарады. Жұмыстағы жарақаттарға қатысты төленетін өтемақының жалпы сомасы – шамамен 167 млрд доллар. Сондықтан әр мемлекетте қызметкерлерді міндетті сақтандыру бойынша жеке жүйе қолданылады. 

Сондай-ақ оқыңыз