Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Обухов» кен орнын аукционға шығарды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Обухов» кен орны аукционға шығарылды. Фото: shutterstock.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Обухов» кен орнында пайдалы қазба өндіруге электрондық аукцион жариялады. Аукционға 3 жер қойнауы телімі шығарылған.

Қол қою бонусының бастапқы мөлшері – 1,7 млн теңге. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыға Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен келісе отырып жұмыс орындарын, әлеуметтік пакет пен жалақыны сақтау қосымша міндеттеледі. Одан бөлек, өңірдің дамуына жыл сайын кемі 38 мың АЕК (140 млн теңге) көлемінде қаржы салуы тиіс. Зауыт салу, осы кен орнынан шикізат шығару  – қосымша міндеттерінің бірі.

Сонымен қатар жер қойнауын бұған дейін пайдаланған компаня қызметінің салдарын жою да міндеттелмек.

Аукцион e-qazyna.kz сайтында 2024 жылғы 15 мамырда, сағат 11:00-де өтеді. Электрондық аукционға қатысуға өтінім беру 2024 жылғы 26 наурыз сағат 09.00-ден басталады. 2024 жылғы 25 сәуір 18.30-ға дейін жалғасады.

Осы кен орынын игеретін «Обухов кен байыту комбинаты» – титан-цирконий концентратын шығаратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында орналасқан. Оған «Тиолайн» компаниясы арқылы Виктор Долгалев иелік етеді. Ақпанда комбинат иесі қамауға алынғаны белгілі болды.

Қазір Қаржы мониторинг агенттігі «Тиолайн» компаниясының тең иесіне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол 26 млрд теңге заңсыз табыс алып, 2 млрд теңге салық төлеуден жалтарған деген күдікке ілінген.

Обухов кен орнындағы жер қойнауын пайдалануға берілген келісімшарт 2021 жылы мерзімінен бұрын бұзылған. Компания жалпы құны 38 млрд теңгеге тең қаржы және инвестициялық міндеттемелерін орындамаған.

Сондай-ақ оқыңыз