Жаңаөзенде аштық жариялаған жұмыссыздардың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Жаңаөзендегі
Жаңаөзен жұмыссыздарының талабы қандай? Фото: Қала әкімдігі

5 наурыз күні Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдында аштық жариялағандардың денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырған. Бұл туралы Жаңаөзен әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Әкімдік таратқан хабарламада бірден 2 жедел жәрдем көлігі жіберілгені жазылған. Сараптама нәтижесінде 19 адамның жағдайы жақсы екен анықталған. Ал 4 адам сараптамадан бас тартыпты. Ешқайсысы ауруханаға жатқызылмаған.

«5 наурызда жедел жәрдемге жалпы 50-ден астам шақырту түсті. Ал бізде 10 ғана бригада бар. Біз тұрғындарды жедел-жәрдем қызметтерін жауапкершілікпен пайдалануға шақырамыз және негізсіз қоңыраулардың, шын мәнінде, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетуде кедергі келтіретінін ескертеміз», – деді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бастығының Жаңаөзен қаласындағы орынбасары Әлішер Көмеков.

Жаңаөзендегі жұмыссыздардың талабы қандай?

1 наурызда қаланың 23 тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, наразылыққа шыққан. Әкімдік олар жалпы кезекті айналып өткісі келеді деп тұжырымдайды. Жаңаөзен қаласы әкімінің аппарат басшысы Данияр Жақсылықұлының айтуынша, оларға бұған дейін бірнеше рет жұмыс ұсынылған көрінеді.

«Бұған дейін оларға жалақысы 250- 300 мың теңгені құрайтын жұмыс ұсынылды. Алайда олар «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның еншілес кәсіпорындарына жалақысы жоғары, тұрақты жұмыс талап етіп отыр. Қазіргі кезде жұмыссыздар кезегінде 10 мыңнан аса азамат тұр. Жалпы кезекті айналып өтіп, оларға жалақысы жоғары жұмыс тауып бере алмаймыз», – деді ол.

Аппарат басшысының айтуынша, наразылыққа шыққандардың әрекеті заңсыз екені түсіндірілген.

Аштық жариялағандар кешке полиция бөліміне жеткізіліп, түсіндірме жұмысы жүргізілген. Әкімдік «заңсыз әрекеттері тоқтатылғанын» хабарлады.

Бұған дейін «ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлы компания Жаңаөзендегі бүкіл жұмыссыз адамды қамти алмайтынын мәлімдеген.

Ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғындардың мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу мәселесі 2019-жылдан бері көтеріліп келеді. Сондықтан «ӨзенМұнайГаз» АҚ және Жаңаөзен қаласы әкімдігі бірлесе құрған алгоритмге сәйкес «ӨЗЕНИНВЕСТ» ЖШС, «Тазасу» ЖШС, «БН» ЖШС, «ӨзенМұнайГаз» АҚ компаниялары бүгінге дейін 4000-ға жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Ал, сирек қолданыстағы мамандық бойынша 146 адам қызмет етіп жүр.

Алайда, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, алгоритмге сәйкес әлі де 9996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр. Оның айтуынша, Жұмысқа орналасқысы келген адам алдымен Өзенинвест мекемесінде уақытша қызмет етіп, аутсорсинг бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Сондай-ақ оқыңыз