600 кәсіпкерден негізсіз ақша алынған: Көлік прокуратурасы «Қазавтожол» филиалының жұмысынан олқылықтар анықтады

Жарияланды
Бас көлік прокуратурасы негізсіз есептелген 3,5 млн теңгені кәсіпкерлерге қайтарған / Фото: kursiv.media

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Астана-Петропавл» автожолына жауапты филиалы 605 тасымалдаушыдан негізсіз ақша ұстап келген. Бұл жайлы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.

Тасымалдаушылардың құқы бұзылғанын Көкшетау қаласының көлік прокуратурасы анықтаған. Құзыретті орган ақылы учаскелерде жол жүру ақысын төлеу бойынша заңнаманың сақталуына талдау жүргізген. Тексеріс нәтижесінде 605 кәсіпкердің 3,5 млн теңгесі негізсіз алынғаны белгілі болған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы «Астана-Петропавл» автожолының қиылысында ауыр жүк көліктерінің иелеріне жол жүру сомасын негізсіз есептеген. Ақылы учаске Көкшетау қаласы арқылы өтетін жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының 304 шақырымынан басталады, алайда бірінші бақылау аркасы 309 шақырымда орналасқан», – делінген прокуратура хабарламасында.

Ақылы жол пайдалану ережесіне сәйкес, пайдаланушы ақылы автомобиль жолына кірген кезде және бақылау аркасы арқылы өту кезінде жол операторының жария шартының талаптары қолданылады. Сол шарттарға сәйкес, мұндай жағдайларда кәсіпкерлік субъектісі үшін 5 км жол жүрудің құны 50 км-ге теңеседі.

Прокуратура жол өлшеудің бұл жүйесін қайта бағамдап жатыр. Бұл жолды пайдаланған 605 бизнес субъектісіне есептелген 3,5 млн теңге кері қайтарылады. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура елдімекендердің тұрғындары үшін «абоненттік төлем» енгізу мәселесіне бастамашылық жасаған. Бұл мәселе профильді министрлікте талқыланып жатыр.

Еске сала кетсек, көлік прокуратурасы «ҚазАвтоЖолдың» 69 мың автожүргізушіге 38 млн теңге төлемін кері қайтаратынын хабарлады.

Қарағанды көлік прокуратурасы тексеру барысында автокөлік жүргізушілерінің құқықтарына қайшы келетін талаптарды анықтаған. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» тіркеу нөмірін ауыстырған жүргізушілердің есебіндегі қаражатты қайтармаған.

Прокуратураның араласуынан кейін ғана тұтынушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Ұлттық оператор өз мүддесі үшін дұрыс жұмыс жүргізбген болып шықты. «ҚазАвтоЖол» қызметін тұтынатын 138 мың адам 3 жылда жалпы сомасы 50 млн теңге қарыз болған. Оларды қайтару мәселесіне оператор ден қоймаған.

Сондай-ақ оқыңыз