Қазақстан жиһаз өнімдері экспортын 3 есеге арттырды. Негізгі сатып алатындар – ТМД елдері
2023 жылы Қазақстан 13,7 млн долларға жиһаз өнімдерін экспорттады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 31%-ға артық. Өнімдерінің негізгі көлемі ТМД елдеріне жіберілген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
Есептік кезеңде еліміздің кәсіпорындары жалпы сомасы 82,6 млрд теңге болатын жиһаз өндірген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28%-ға көп.
«2023 жылы өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі жиһаз өнеркәсібінің үлесі 0,18% болған, ал өңдеу өнеркәсібінде 0,4 пайызға тең болды. Саланың физикалық көлем индексі көрсеткіші – 143,5%», – делінген хабарламада.
Негізінен ас үйге арналған жиһаздар (50,4%) және кеңсеге арналған ағаш жиһаздар (5,4%) көбірек өндіріліп, тауарлар өсіміне ықпал етіп отыр. Ал мына тауарларды өндіру азайған:
- «арнайы отыруға арналған жиһаз» (негізінен металл жақтауы бар) тауарлары – 46,9 %;
- асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз – 2,3%;
- «жатын бөлмелерге арналған ағаш жиһаз» – 0,1%.
Оған қоса былтырғы жылмен салыстырғанда жиһаз өнімдерінің импорты 5,3%-ға төмендеген. Бұл Қазақстан азаматтары кейінгі жылдары елде өндірілетін өнімдерге басымдық бергенін білдіреді.
Жиһаз өнімдерін тұтынудың ішкі нарығы 2023 жыл қорытындысы бойынша 537,4 млн доллар немесе 245,2 млрд теңге болды.
Бұл секторға 17 млрд 166 млн теңге инвестицияланды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,9-ға көп.
Жалпы елімізде жиһаз өндіретін 1515 кәсіпорын бар, оның 1507-і шағын кәсіпорындар. Былтыр бұл салада 14,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, 2022 жылы ҚР-да жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы айтарлықтай өскен еді. Өнеркәсіптегі кәсіпорындар саны 8%-ға қысқарған болатын.
Қазақстаннан жиһаз экспортының аздығы сонша, көптеген тауарларда ол қолда бар ресурстардың 1%-на да жетпейді.
Еске салайық, былтыр Қазақстан инвесторлары Түркиядағы жобаларға 1,1 млрд доллар қаржы салған еді. Түркия – Қазақстанның маңызды сауда серіктесі және белсенді инвесторларының бірі. 2022 жылы елдер арасындағы өзара сауда айналымы 54 пайызға өскен.
Біз Түркиядан негізінен өңделген өнеркәсіп өнімдерін сатып аламыз – киім-кешек, тоқыма бұйымдары, иірілген жіп, жіп, мата, аяқ киім, кілем, дәрі-дәрмек, парфюмерия, жиһаз, сөмке, өнеркәсіптік құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығына арналған машиналар және басқа да қосылған құны жоғары тауарлар.