Халықаралық стандарттарға сәйкес құжаттандыру мақсатында асыл тұқымды қазақ тазылары тексеріледі

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақы тазы
Кинологтар қазақ тазысы асыл тұқымды иттеріне тексерісті Ақтөбе және Орал қалаларында жүргізеді / Фото: Ашық деректерден

Ақтөбе облысы мен Орал қаласында Кинологтар одағы қазақ тазысын құжаттандыру жұмыстарын жүргізу барысында, асыл тұқымды иттерге тексеру жүргізеді. Бұл жайлы кинологтар одағының баспасөз қызметі хабарлады.

Кинологтар бұл шараларды Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырып жатыр.

«Қазақстан кинологтар одағы қазақ ит тұқымдарын сақтау, дамыту және халықаралық аренада тану бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. Қазақстанның барлық аймағындағы асыл тұқымды иттерді идентификациялау және халықаралық стандартқа сай құжаттандыру маңызды мәселелердің бірі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Кинологтардың «Қазақ тазы» тұқымды иттерге асыл тұқымды шолу өткізуіне ҚР Президенті Әкімшілігінің және Ақтөбе облысы әкімдігі қолдау көрсеткен.

Бұл шаралар 2024 жылдың 10 наурызында Ақтөбе және Орал қалаларында өтеді.

Өткен жылдың көктемінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті.  Құжат 2023 жылғы шілдеде іске қосылады. Стандарттар аталған ит тұқымдарының сипаттамасын, өлшемдерін, кемшіліктері мен ақауларын қамтиды. 

Стандарттар 2023 жылғы 3 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру аясындағы шаралар туралы» ҚР Премьер-Министрінің өкімін іске асыру шеңберінде бекітілді.

Заңға сәйкес, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу 2023 жылғы шілдеде іске қосылатын Ұлттық орталықтың құзіретіне кіреді. Сонымен қатар, Ұлттық орталықтың стандарттарды әзірлеу жөніндегі құзыретін ескере отырып, қажет болған жағдайда, қабылданған стандарттар ит өсірушілер, қоғам  белсенділері, кинолог және тағы да басқа мамандардың пікірлерін ескере отырып пысықталатын болады. 

Еске сала кетсек, Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президенті Эмманюэль Макронға тазы күшіктерін сыйлаған болатын. Екі қазақы тазының күшігі Парижге ақпанның басында жеткізілген болатын. Борт №1 телеграм-каналының мәліметінше, Франция президенті Эммануэль Макронға өткен жылғы Қазақстанға сапары кезінде қазақы тазының тұқымы ерекше ұнаған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев франциялық әріптесі Макронға тазы сыйлауға уәде берген.

«Кейін Парижге қазақы тазының бес айлық екі күшігі жеткізілді. Қос тазыны француз ветеринарлары тексеріп, уақытша карантинге жіберді. Сондай-ақ Франция тарапына күшіктерді тамақтандыру және үйрету жөніндегі нұсқаулық берілді», – делінген хабарламада.

Тазы күшіктеріне Жюль және Жанна деген есім берілген.

Сондай-ақ оқыңыз