«Жасыл Даму» утильалымға төленген артық ақшаны қандай жағдайда қайтарып алуға болатынын түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Утиль алым алынады, ал зауыт әлі салынған жоқ / kursiv.media

Егер Қазақстан азаматы өз көлігін елден алып кетсе, онда кәдеге жарату алымы үшін төлеген ақшасын қайтарып алуға құқылы. Бұл туралы Үкіметте «Жасыл Даму» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбаев мәлімдеді.

«Бұл экологиялық кодексте қарастырылған, қайтару ережелеріне сәйкес ол жүзеге асырылады. Бірақ төленген сәттен бастап бір жыл өтуі керек, өйткені қайтаруды шектейтін норма бар. Егер біз салық төлеп, салық органдарына есеп берген болсақ, онда қайтару мүмкін емес», – деп түсіндірді басқарма төрағасы.

Сәрсенбаевтың мәліметінше, Қазақстанда 100 мыңға жуық  көлік кәдеге жаратылған.

 «Бірнеше жыл ішінде Қарағанды ​​қаласында орналасқан зауыттың қуаттылығы артты. Ол 30 мың көліктен басталды, кейін ол 50 мыңға жетті. «РОП Операторының» функциялары «Жасыл даму»- ге берілген сәттен бастап бұл жұмыс жүзеге асырылмады. Өйткені біз белгілі бір уақыт ішінде «РОП операторының» қызметін сәйкестендірдік. Бұрын ол жеке компания болса, қазір мемлекет меншігінде. Компания мемлекет қарауына өткенде біз мемлекеттік сатып алулар, акционерлік қоғамдар туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарды басшылыққа алдық», – деді ол.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Экология министріне Қазақстандағы кәдеге жарату зауыттарының ешқайсысы жұмыс істемейтінін айтты. Журналистер соның өзінде азаматтардан утиль алым ақысын жинау әлі жалғасып жатқанына назар аударды.

«Зауытқа келетін болсақ, бүгінде тиісті органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны мемлекет меншігіне беру жұмыстары жүргізуде. Алдағы уақытта оның тағдыры шешіледі деп айта аламын. Қара металл сынықтарын жинау және өңдеу бойынша монополиялардың болмауын көздейтін жаңа кәдеге жарату бағдарламасын әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінде біз кәдеге жаратумен, яғни көліктер мен арнайы мақсаттағы техникамен айналысатын тиісті мамандандырылған кәсіпкерлік субъектісіне нарыққа кіруіне мүмкіндік береміз»,– деп жауап берді Ерлан Нысанбаев.

Бұған дейін, депутат Нартай Сәрсенғалиев  қазақстандықтардың 49%-ы 20 жылдан асқан, ескі автокөлік мінетінін айтқан еді. Оның айтуынша, еліміздегі жаңа көлік үлесі 6%-ды құрайды.

«Қазір Қазақстанда 4 млн жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде 10 жыл. Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан. 21 пайызына 10 жыл толған, осылай кете береді. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады. Қазақта: «Шабатын көлік күй тілейді» дейтін бар. Бірақ 4 млн жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз?», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, шетелден жаңа әрі арзан көлік мінгісі келетін қазақстандықтар «ақылға сыймайтын кедергілерге» тап болады.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 449,3  мың бірлікті құрады, оның ішінде 87,9%-ы – жеңіл автомобильдер, 10%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жалпы автомобильдер саны 3,7%-ға артты, оның ішінде жеңіл автомобильдер саны 2,9%-ға, жүк автомобильдері – 7,1%-ға, автобустар 24,7%-ға көбейді.

Сондай-ақ оқыңыз