Skyscanner ғаламдық әуе саяхаты бойынша іздеу жүйесінде Қазақстан БАӘ тұрғындары үшін ең танымал саяхат орнына айналған 

Жарияланды
БАӘ-ден келетін саяхатшылар үшін Қазақстан ең танымал саяхат бағытына айналған / Фото: kursiv.media

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін туристер үшін ең танымал саяхат бағытына айналған. Бұл жайлы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша Skyscanner ғаламдық әуе саяхаты бойынша іздеу жүйесінде Қазақстан БАӘ тұрғындары үшін ең танымал саяхат бағытына айналғаны көрсетілген. 

Skyscanner мәліметтері бойынша БАӘ тұрғындары ең қолайлы ұшу күні ретінде 2024 жылдың 2 сәуірін таңдаған. Сауалнамаға қатысқан саяхатшылардың жартысынан көбі (51%) бір аптаға немесе одан аз уақытқа сапарлауды жоспарлаған. Бұл елдің Қазақстанға деген қызығушылығы 195%-ға өскен. Бұл басқа танымал бағыттармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екен. 

БАӘ-нің тұрғындары таңдаған бағыттардың пайыздық көрсеткіші келесідей: 

  • Қазақстан: 195%
  • Сейшель аралдары: 115%
  • Кипр: 99%
  • Жапония: 90%
  • Вьетнам: 81%
  • Оман: 78%
  • Швейцария: 56%
  • Кения: 53%
  • Маврикий: 52%
  • Грекия: 49%

«БАӘ тұрғындарының Қазақстанды таңдауы Ораза айт мейрамында мәдени және байыпты саяхатқа деген ұмтылысымен тығыз байланысты. Сонымен бірге бұл Қазақстандағы туризмнің тиімді дамып отырғанын көрсетеді», – дейді Skyscanner саяхат сарапшысы Айюб Эль Мамун. 

Ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ eQonaq жүйесінің деректеріне талдау жасап, расымен де БАӘ туристерінің Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын анықтаған. Компания мәліметінше бұл елден Қазақстанға келушілер саны 2022 жылы 2963 туристен 2023 жылы 6051 туристке дейін екі есе артқан. 

Саяхаттап келген БАӘ туристерінің Қазақстандағы негізгі бағыттарының ішінде Алматы, Астана қалалары және Алматы облысы бар. 

Біріккен Араб Әмірліктері тұрғындарының Қазақстанды туристік бағыт ретінде Қазақстанды таңдауына табиғи сұлулық, мәдени байлықтың бірегей үйлесімі әсер етсе керек. 

Жалпы Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, 2018-2022 жылдарға дейін Қазақстанның ЖІӨ-дегі туризм үлесі COVID-19 пандемиясына байланысты қатты төмендеген. Тек 2022 жылы туризм 3,9%-ға, пандемияға дейінгі деңгейге жеткен.

Ал Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан ЖІӨ-дегі туризм үлесін 2025 жылға қарай кемінде 8%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған. 

Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 2022 жылы 4,8 миллион болды, Бұл көрсеткіш 2020 және 2021 жылдармен салыстырғанда екі есе көп болса да, пандемияға дейінгі деңгейден әлі де 45,9% төмен.

Ресми мәлімет бойынша, туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған. 2022 жылы салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген. Айта кетейік, Туризмді дамыту мақсатында еліміздің туристік картасы бекітілген болатын. Құжатта бектілген туристендіру картасына 102 түрлі туристік нысан мен аймақ енген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 33 туристік аумақ пен нысан бар.

Сондай-ақ оқыңыз