Орталық Азиядағы жағдайды тұрақтандыру: ҰҚШҰ-да стратегиялық командалық-штабтық жаттығу жүріп жатыр

Жарияланды
ҰҚШҰ-да стратегиялық командалық-штабтық жаттығу жүріп жатыр / odkb-csto.org

ҰҚШҰ-да жаттығу жүріп жатыр. Онда Орталық Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік аймағындағы жағдайды тұрақтандыру мәселесі қаралады. Бұл жайында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы хабарлады.

12-13 наурыз аралығында ҰҚШҰ Біріккен штаб бастығы генерал-полковник Андрей Сердюковтың басшылығымен стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізіп жатыр. Жаттығу барысында дағдарыс жағдайының күшею қаупіндегі Орталық Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік аймағындағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері пысықталады.

Іс-шарада ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов жаттығу «күрделі халықаралық жағдайда өтіп жатқанын» айтты.

Әлемнің түрлі аймағында бұрынғы қақтығыстар шиеленісіп, шиеленістің жаңа ошақтары арандап, ашылып жатыр. Оның ішінде ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймақтары да бар. Қазіргі дағдарыстартың гибридті сипаты бар. Оларды шешу кешенді тәсілдерді қажет етеді, – деді ол.

Оның айтуынша, оқытудың маңызды мақсаттарының бірі – дағдарысқа қарсы ұжымдық іс-қимылдардың алгоритмін нақтылау және олардың тиімділігін бағалау. Бұл 2023 жылғы 23 қарашада ҰҚШҰ кеңесі қабылдаған «ҰҚШҰ дағдарысқа қарсы әрекет ету жүйесін дамыту шаралары туралы» шешімнің ережелерін ескере отырып жүзеге асуы керек.

Біріккен штабтың басшысы, генерал-полковник Андрей Сердюковтың айтуынша, биыл күзде Қазақстанда командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.

Бұл стратегиялық командалық-штабтық жаттығу – «Мызғымас бауырластық – 2024» ҰҚШҰ бітімгершілік күштерімен командалық-штабтық оқу-жаттығуды дайындаудың бастапқы деректерін анықтайды. Ол жаттығу биылғы күзде Қазақстан Республикасы аумағында өтеді, – деді ол.

Айта кетейік, Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуына қатысты қауесетке жауап берген еді.

ТАСС ақпаратына сүйенсек, Иманғали Тасмағамбетов Ереванның жақында өткен ҰҚШҰ хатшылығының жұмысына қатыспағанын растаған. 

«Халықаралық ұйым ретінде тәуелсіз мемлекеттің кез келген шешімін құрметтейміз. Дегенмен ұйымның қызметі толық көлемде жалғасады. Барлық рәсім ҰҚШҰ нормативтік базасына сәйкес толық сақталады. Қабылданған және жоспарланған шешім туралы хатшылық Еревандағы тиісті құрылымдарды жұмыс режимінде хабардар етеді», – деді Тасмағамбетов.

Бұған дейін «ҰҚШҰ мүшелері арасында алауыздық бар ма?» және «Тоқаевтың мәлімдемесі Қазақстанның ұйымға қатысты позициясынан хабар бере ме?» деген сауалдарға жауап іздеген болатынбыз.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған», – деді Қазақстан Президенті.

Тоқаев бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастыратынын айтты.


«Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін. Тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескеріп, ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістігін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Кursiv.media тілшісі президенттің позициясы мен айтқан сөзінің астарына үңілу үшін саясаттанушыларға сөз берді.

«Ресей ҰҚШҰ болса да, Еуразиялық экономикалық одақ болса да, жалпы бұрынғы кеңес үкіметінің мемлекеттеріне НАТО-дан қауіп бар екенін жиі айтады. Бұған қоса Украинамен Ресейдің арасындағы қазіргі соғыста Украинамен емес, батыспен соғысып жатқандарын мәлімдейді. НАТО-мен соғысып жатырмыз дегенді қайталаудан жалықпайды. НАТО-дан ҰҚШҰ-ға да қауіп бар дегенді меңзейді. Батысты жау есебінде көрсетеді. Менің ойымша Тоқаев осы мәселені айтты», – деді Дос Көшім

Сондай-ақ оқыңыз