Қазақстанның энергетикалық келешегіндегі ақылды технологиялардың рөлі қандай?

Жарияланды
Қазақстанның энергетикалық келешегіндегі ақылды технологиялардың рөлі қандай?/shutterstock.com

Бүкіл әлемдік энергетикалық кеңестің басқарма мүшесі, профессор Норберт Швитерстің айтуынша, көптеген салалар өз клиенттерін дұрыс түсініп, оларға әлдеқайда сапалы қызмет ұсыну үшін цифрлық бизнес-моделдерді белсенді пайдалана бастады. Ол энергетикалық компаниялар да ұзақ мерзімді перспективада өтімді бола алуы үшін өз бизнестерін шұғыл түрде цифрлық форматқа көшіре бастауы тиіс екенін айтады.

Таяуда осы тақырып төңірегінде PwC Қазақстан консалтинг компаниясы Strategy& фирмасының «Watt’stheplan?» зерттеуіне бейімдеген арнайы зерттеу әзірлеген. Онда ақылды цифрлық бизнес-модельдер, ақылды есептегіштер, ақылды үй немесе ақылды желінің сұранысты икемді ететіні айтылған.

Ақылды есептегіштер пайдасы

«Ақылды есептегіштер арқасында компаниялар нақты уақыттағы энергия тұтыну деректері туралы дәл ақпарат жинай алады. Мұндай ашықтықты қамтамасыз ету – бірінші кезекте тұтынудағы өзгерістерге қол жеткізу үшін өте маңызды. Ақылды желілерден түсетін пайда техникалық қызмет көрсету шығындарын және желіні тұрақтандыру төлемдерін азайту арқылы қамтамасыз етіледі. Тағы бір пайда көзі – электр желісінің икемділігін қамтамасыз етудің артықшылықтарын монетизациялау. Деректерді де монетизациялауға болады. Алайда монетизациялау моделі әлі кең ауқымды енгізілмей жатыр. Өйткені деректерге қолжетімділік және олардың сапасы көптеген ірі энергетикалық компаниялардың шешілмеген проблемасы болып отыр. Цифрлық бизнес-модель мен негізгі бизнес арасындағы синергетикалық әлеуеттің жарқын мысалы – динамикалық баға саясатын қамтамасыз ететін ақылды есептегіштер. Мәселен, General Electric ресурс пен реакцияны басқару бойынша шешім ұсынады. Соның көмегімен энергетикалық компаниялар тұтынушыларды өз тәртібін өзгертуге итермелейді. Компанияның жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған мақсаты тұтынушы үшін бағаның төмендеуіне және қаржыны үнемдеуге алып келеді», – делінеді зерттеуде.

Арнайы сауалнама барысында бірқатар цифрлық бизнес-моделдердің өзектілігі айқындалған. Соның ішінде айырықша өзектісі – электр қуаттау станциялары болыпты. Жеткізушілер электромобилдерді қуаттауға қатысты кешенді шешімдер мен қызметтер ұсынады. Сондай-ақ қолданғаны немесе жазылым жасағаны үшін төлем моделі негізінде кіріс алады. Мәселен, Копенгагенде Enel энергетикалық компаниясы Nissan және Nuvee компаниясымен серіктестікте «Vehicletogrid» хабын құрған. Ол жерде электромобиль аккумуляторында жинақталған энергия автомобиль пайдаланылмаған кезде желіге қайтарылады. Өйткені электр энергиясына деген сұраныс жоғары.

Strategy& компаниясының 2019 жылғы EMEA өңіріндегі (Еуропа, Таяу Шығыс және Африка) энергетикалық компаниялар арасындағы цифрлық бизнеске арналған зерттеуінде респонденттер 2024 жылға таман табыстың 24 пайызы цифрлық бизнес-модель нәтижесінде түседі деп болжам жасаған. Тиісінше, дәл осы болжам биыл шындыққа айналды.  

Цифрлық бизнес-модель келешегі

«Бес-он жыл алға қарайтын болсақ, онда 2028 жылға таман цифрлық бизнес-модель үлесіне табыстың 36 пайызы тиесілі болады, көрсеткіш 2033 жылы 45 пайызға жетуі мүмкін. Цифрлық өнімдер мен қызметтерден түсетін табысты еселеу үшін энергетикалық компаниялар шұғыл түрде трансформациялануы тиіс. Бұл дәстүрлі өнімдер мен қызметтерден бас тарту дегенді білдірмейді. Энергетикалық компаниялар үшін цифрлық бизнес-моделдің бейімделу деңгейі қадағалаушылық орта, нарық құрылымы және нақты міндет сияқты факторларға тәуелді. Нормативтік-құқықтық базаны және саясатты жаңа цифрлық бизнес-модель мен технологияларға бейімдеу еуропалық энергетикалық компанияларға қиындықтарды жеңуге және энергетикалық ландшафттың өзгеруіне байланысты ашылатын мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашты. Әртүрлі цифрлық шешімдермен тәжірибе жасай отырып, бұл компаниялар виртуалды электр станциясы немесе цифрлық дубль сияқты құралдар мен шешімдердің кең ауқымының өзектілігі туралы айтарлықтай білім мен түсінікке ие болды. Дегенмен еуропалық энергетикалық компаниялар әлі де озық және тиімді энергия жүйесінің маңызды элементтерін енгізуде қиындыққа тап болып отыр», – деп жазады.

Сарапшылардың айтуынша, еуропалық энергетикалық компаниялардың аталған олқылықтарды түзетуге мақсатты түрде күш салуы және Қазақстанның да уақыт өте келе алатын білімі мен табатын тәжірибесі қазақстандық кәсіпорындар үшін таптырмас компас қызметін атқармақ. Соның арқасында Қазақстан өзекті емес шараларды енгізуге уақыт пен ақша жұмсамай-ақ, тиісті шешімдерді қолданысқа кіргізе алар еді. Батыстың нормативтік-құқықтық базасы мен нарықтық құрылымдарын зерделей отырып, біз тиісті өзгерістерді болжай аламыз. Бұрын дәлелденген шешімдерді Қазақстанның бірегей жағдайына бейімдей аламыз . Ақылды технологияларды табысты енгізу үшін жағдай жасаймыз.

Ақылды технологиялардың Қазақстандағы маңыздылығы

«Стратегия мен зерттеуге сәйкес біз ақылды технологияларды, электр қуаттау стансаларын, виртуалды энергия қондырғыларын және «энергия ретінде қызмет көрсетуді» енгізудің өзектілігі мен мәртебесін талдадық. Еуроодақ және Қазақстанда осы технологияларды қабылдау және жетілу деңгейлеріндегі елеулі айырмашылықтарды ескере отырып, олардың Қазақстандағы әсері мен өзектілігі коммерцияландыру мүмкіндіктерінен гөрі энергетикалық жүйені дамыту тұрғысынан бағаланды. Ақылды үйлердің көбеюі желілерді дамытуға және энергетикалық жүйелер деңгейіндегі ақылды жүйелердің енгізілуіне байланысты. «Просьюмер» тұжырымдамасына қызығушылық артқан сайын ақылды үй технологиясының маңызы артады. Технология үй шаруашылықтарына немесе ұйымдарға электр энергиясын тұтынуға да, өндіруге де қатысуға мүмкіндік береді, бұл экономикалық артықшылықтар сыйлайды және электр энергиясын тұтынуды реттеуде, сұранысқа жауап беру стратегияларын әзірлеуде маңызды рөл атқарады», – дейді.

Мамандардың пікіруінше, ақылды есептегіштер нақты уақыт режимінде деректерді жинау мүмкіндігінің арқасында тиімдірек бақылау мен басқаруды қамтамасыз ету тұрғысынан шешуші рөл атқарады. Бұл оларды электр желілерін автоматтандыруда өзекті етеді. Дегенмен оларды іске асыру енді құрылатын деректер орталықтарының жеткілікті санының болуына байланысты.

Электр қуаттау станцияларын орнату күтілетін жоғары сұраныстың қолданыстағы қуатынан асып кетуіне байланысты күрделі міндет болып саналады. Электр энергиясына сұраныстың күтілетін күрт өсуімен күресу және ықтимал тапшылықты азайту үшін жүйелік оператор оңтүстіктегі өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру мақсатында солтүстік аймақтан қосымша электр желілерін салып жатыр. Осындай қиындықтарға қарамастан электромобиль санының күрт көбейіп отыр. Сұранысты қанағаттандыру үшін қуаттау станциялары желілері мен санын тез арада ұлғайту қажеттігін аңғартады.

«Энергетикалық секторды дамыту үшін ақылды желілерді енгізу шешуші маңызға ие болады. Өйткені ол көптеген артықшылықтарды ұсынады, соның ішінде нақты уақыттағы деректерді талдау, жаңартылатын энергия көздерін біріктіру және тұтынушыларға энергия мәселелері бойынша саналы таңдау жасауға мүмкіндік беру, сайып келгенде, энергияны бөлудің тиімділігін, сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Мұның бәрі энергетикалық инфрақұрылымды модернизациялауда өте-мөте маңызды. «Виртуалды электр станциялары» және «Энергия қызмет көрсету» технологияларын пайдалану ақылды желілерді енгізу мен автоматтандырудың озық деңгейінде орынды болады. Демек, энергетикалық жүйелерді дамытудың қазіргі өзектілігі шектеулі, өйткені бұл тұжырымдамалар салыстырмалы түрде жаңашыл және Қазақстанда соншалықты белгілі емес. Бұл технологияларды енгізу және пайдалану үшін қосымша дайындық қажет болуы мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанның энергожүйесі орталықтандырылған генерациямен және электр энергиясының біржақты ағынымен дәстүрлі модель бойынша жұмыс істейді, яғни «просьюмер механизмі» жоқ», – дейді сарапшылар.

Ақылды технологиялардың энергетика жүйесімен байланысы

Олар еліміздегі энергетика жүйесінде болып жатқан табыстарды да айналып өтпейді. Қанша дегенмен, Қазақстан да жаһандық үрдістерге ілесе білудің маңыздылығын терең түсініп отыр емес пе?! Ұлттық электр желілерінің операторы KEGOC компаниясы энергия жүйесін жаңғырту үшін ақылды желілер технологияларын енгізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Алайда бұл технологияларды енгізу деңгейі әлі шикі сатыда тұр деуге болады дейді мамандар. Ал қанатқақты жобалар тиімділік пен сенімділіктің әлеуетті өсуін көрсетеді. KEGOC жетістіктеріне қарамастан, бүкіл Қазақстан бойынша тарату компаниялары ақылды желілер технологиясын енгізуге байланысты проблемаларға тап болып жатады.

Осы ұйымдар арасындағы озық есеп инфрақұрылымының (AMI), электр желілерін автоматтандырудың және сұранысқа жауап беру бағдарламаларының шектеулі интеграциясы елдегі ақылды желілердің әлі де болса дамудың ерте кезеңінде жүргенін көрсетеді. Сонымен қатар нормативтік-құқықтық база да осы өзгеріске орай бейімделуден өтпеген. Яғни біз замана көшіне ілесе кетуге сай қарқын көрсетуге даяр емеспіз. Әрі-беріден соң стандартталған практика да жоқ. Мұндай ілкімді істер әлдеқайда орнықты және икемделгіш желілік инфрақұрылымның даму драйвері болар еді.

«Қазақстандағы энергетикалық компаниялардың цифрлық бизнес-модельдерді енгізуі энергетикалық жүйедегі тәуекелшіл қадам болмақ. Себебі бұл түптің түбінде тұтынушы үшін бейімделген, инновациялық және ыңғайлы жүйе қалыптастырады. Алайда мұндай цифрлық бизнес-модельдерді енгізу бүкіл энергетикалық жүйедегі институционалдық, нарықтық және инфрақұрылымдық деңгейдегі кешенді өзгерістерді талап етеді. Негізінен, өзгеріс үшін заңнамаға түзетулер енгізіп, нарықтық моделдерді дамытуға көңіл бөлген дұрыс. Бұл энергетикалық компаниялар арасындағы бәсекені арттырады. Сонымен қатар мұндай шаралар жаңа технологиялар мен инфрақұрылымға салынатын инвестициялық шешімдерді ынталандырады, бұл алдыңғы қатарлы есепке алу инфрақұрылымын, энергия жүйесін автоматтандыруды және жаңартылатын энергия көздерін біріктіруді қамтитын энергия жүйесін жаңартуға әкеледі. Нәтижесінде энергия жүйесінің сенімділігі артып, электр энергиясының импортына деген тәуелділік төмендейді»,– дейді мамандар.

Айтуларынша, бұл өзгерістер тарифтердің жоғарылауына әкеледі. Алайда шығындарды оңтайландыру және тұтынушылар үшін бағаны төмендету дейтін түпкі мақсат орындалады. Бұған қол жеткізуге болады. Өйткені тұтынушылар электр қуатын желіге қайта сату немесе оны қажетсіз уақытта тұтыну арқылы табыс табуға мүмкіндік алады.

«Бұл өзгерістердің ықтимал пайдасы оларды елдің тұрақты энергетикалық болашағы үшін сенімді шешім етеді. Цифрлық трансформация Қазақстанның алдағы онжылдықтар бедерінде өсуіне ықпал ететін заманауи, бәсекеге қабілетті және тиімді электр энергетикасы секторының негізі болатыны сөзсіз»,– делінеді зерттеуде.

Сондай-ақ оқыңыз