Депутат МӘМС жарнасын көтеруге қатысты: Бұл сақтандыру емес, салықтың бір түрі
Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді. Бұл жайлы депутат Елнұр Бейсенбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған сауалында айтты.
«Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді. Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ салықтарды ашық түрде пайдаланады. Ал МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және бір үлкен түбі жоқ «қара тесік»,- дейді депутат.
Елнұр Бейсенбаев салымшылардың ӘМСҚ-дағы өз қаражатын бақылай алмайтынын айтады. Ал министрліктің МӘМС жарнасын 5 есе көтеру туралы бастамасын негізсіз деп санайды.
«Ашық НҚА» порталында табысы 850 мың теңгеден асатын тұлғалар үшін МӘМС жарналарын бес есеге ұлғайту туралы заң жобасы орналастырылды. Олардың деректері бойынша, 2025 жылдан бастап бұл жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының 9%-ын қамтып, 502 мың адамға қатысты болады. Айтап айтқанда, аталған порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат қана уақыт бөлінді»,- дейді Бейсенбаев.
Бір сағат қана талқылауға шығарылғанымен бұл жобаға сол аралықта жүздеген азаматтар қарсылық білдіріп үлгерген. Сонымен бірге МӘМС бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдерінің де наразылығын тудырған.
«Мұндай жағдайларда алдыңғы жүздеген миллиардтардың қалай және неге жұмсалғанын түсінбей тұрып, қорға төлемдерді бес есе арттыру қоғам үшін тым қымбат және бизнеске шамадан тыс жүктеме»,- дейді.
Депутат сөз соңында МӘМС төлемдерін арттырудан бас тартуды ұсынды.
Аймағамбетов те МӘМС жарнасын көтеруге қарсы
Депутат Асхат Аймағамбетов те МӘМС жарнасына көтеруге қарсы болды. Аймағамбетов соңғы екі жылда халықтың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны 27,7 пайыздан 31,1 пайызға өскенін айтады.
«Яғни азаматтар міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты медициналық көмекке жұмсалатын жеке шығындарды азайтудың орнына көбірек төлей бастады»,– дейді депутат.
Ол Қордың жарна көлемін ұзарту жөніндегі бастамасына мемлекеттің қор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауы себеп болып отырғанын айтады. Жарнаны көтеру арқылы қор қазынасы 250 млрд теңгегеге артпақ.
«Қаржыландыру тапшылығына байланысты азаматтардан түсетін жарналарды ұлғайтқысы келген министрлік республикалық бюджеттен азаматтардың жекелеген санаттары үшін өз міндеттемелері бойынша жыл сайын жарнаны кем төлейтініне назар аударуы керек болған. Ал қорға төленбеген бұл сома тек 2024 жылдың өзінде 275 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл дегеніміз жарнаны ұлғайту есебінен түсетін қаражаттан да көп. Біз резервтерді дәл осы жерлерден іздеуіміз керек», – деді Аймағамбетов.