Қазақстанда биыл және 2025 жылы студенттердің стипендиясы өседі
«Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшерлері қағидаларын бекіту» туралы үкімет қаулысына өзгеріс енгізу ұсынылды. Ол бойынша елімізде студенттердің стипендиясы өседі. Өзгерістер қоғам талқылауы үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Мемлекеттік стипендиялар күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білімге толық және ішінара ақы төлей отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидент дәрігерлерге, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына (бұдан әрі-алушылар) тағайындалады және төленеді, – делінген қаулыда.
Студенттің стипендия мөлшерін өсіру тәсілдері:
- Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге, даярлаудың педагогикалық бағыттары және «денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда олардың стипендиясы ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 47 135 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 52 372 теңге болады.
- Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттары және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 75 600 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 84 000 теңге алады.
- Интерндердің стипендиясы ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 85 376 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 94 863 теңге болады.
- Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына, магистранттарына мемлекеттік органдардың жолдамасынсыз ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 107 061 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 117 098 теңге стипендия беріледі.
- «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттар й сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 200 000 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 218 750 теңге стипендия алады.
- «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша докторанттардың стипендиясы ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 240 000 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 262 500 теңге болады.
- «Денсаулық сақтау»даярлау бағыты бойынша резидент дәрігерлер мен магистранттарға ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 123 122 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 134 664 теңге стипендия беріледі.
- Жұмыс біліктілігі бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттер ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 43 574 теңге стипендия алады. 2025 жылы бұл мөлшер өзгермейді.
- Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге ай сайын 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 41 896 теңге стипендия алады. 2025 жылы бұл мөлшер өзгермейді.
- Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушыларына. мемлекеттік стипендия мөлшері жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің ай сайынғы мемлекеттік стипендиясы мөлшерінің 85 (сексен бес) пайызы деңгейінде белгіленеді. Бұл – 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап 40 065 теңге, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 44 516 теңге.
Елімізде колледж студенттерінің стипендиясы өскен
Бұған дейін 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы артқанын жазған едік. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған.
«Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге. Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 31 422 теңге», – делінген құжатта.