Ресей Үкіметі Қазақстан Өнеркәсіп министрлігіне металл экспортына қатысты өтініш жібермеген
Ресей Үкіметі Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне металл экспортына қатысты өтініш жібермеген. Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына берілген жауапта жазылған.
Айта кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының аумағынан қара металдардың қалдықтары мен сынықтарын балқытуға арналған қара металл құймаларын (шихталы құймаларды) темір жол көлігінің түрімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу туралы шешім қабылдаған еді.
Осыдан кейін ресейлік металлургтер Ресей Үкіметінен Қазақстан билігінің металл экспортына қатысты шешіміне ықпал етуді сұрап, хат жазған. Хат Үкіметтен бөлек, Ресейдің Индустрия және сауда министрлігіне, Экономика министрлігіне және Еуразиялық экономикалық комиссияға жолданған.
Алайда «Курсив» ресми сауалына жауап берген Қазақстан Өнеркәсіп министрлігі бұл органдардың ешбірінен аталмыш сауалға қатысты өтініш келіп түспегенін хабарлады.
«Бүгінгі күні ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің атына сынықтарды шығаруға тыйым салу туралы өтініштер түскен жоқ», – делінген жауапта.
Бұған қоса, министрлік бұл шешімнің стратегиялық маңызы бар екендігін атап өткен. Себебі металды экспорттауға тыйым салу арқылы министрлік қазақстандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуді мақсат еткен.
«Әлемдік тәжірибеде шикізат түрінде қайталама металдарды қолдану экологиялық тазалық пен оны өңдеу кезінде энергия шығынының минималды болуына байланысты стратегиялық маңызды бағыт болып табылады. Тыйым отандық металлургиялық кәсіпорындарды қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтары түріндегі шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында енгізілді», – делінген жауапта.
Ресей металлургтерінің өтініші
Осыған дейін Ресейдегі электрометаллургиялық кәсіпорындар ел үкіметінен Қазақстанның темір жол арқылы қара металл сынықтарын тасымалдауға салған алты айлық тыйымын жоюға ықпал етуді сұрағанын жазған едік.
Олардың сөзінше, Қазақстанның саудаға тыйым салуы ресейлік компаниялардың металл сынықтарын 500 000 тонна аз алуына әсер етеді. Компанияларға келтірілген залал шамамен 160 млрд рубль болуы мүмкін.
«Коммерсант» ақпаратына сүйенсек, Қауымдастық Қазақстанның металл өнімдерін сатуға алты айға тыйым салуы стратегиялық шикізат өндірісінің төмендеуіне және электрометаллургия секторындағы бағаның ауытқуына алып келеді.
Айта кетейік, Қазақстан осыған дейін 2022 жылы қара және түсті металды тасымалдауға уақытша тыйым салған болатын. Сол кездегі индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағанбеттің айтуынша, ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша шектеу қою – бұл тактикалық шара. Ал стратегия – бұл елімізде 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты.