Қырғызстан парламенті Блинкенді алаңдатқан заң жобасын мақұлдады

Жарияланды
шетелдік агенттер
Жогорку кенеш депутаттары «шетелдік агенттер» туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдаған / Фото: kursiv.media

Қырғызстан парламенті «шетелдік агенттер» туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдады. Нақтырақ айтқанда, Жогорку Кенеш отырысында депутаттар «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қырғыз Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын мақұлдаған. 

Жогорку Кенеш сайтында заң жобасының коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ шетелдік өкілдің функцияларын жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленгені жазылған. 

Бұл заң күшіне енсе, Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.  

Заң жобасы аясында енді оңтүстіктегі көршімізде де «шетелдік коммерциялық емес ұйым», «шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың құрылымдық бөлімшелері», «шетелдік өкілдің функцияларын жүзеге асыратын коммерциялық ұйым» сынды терминдер пайда болмақ. 

Бұл заң жобасы үшінші оқылымда қабылданып отыр. 

Жапаров және Блинкен

Айта кетсек, дәл осы заң жобасына қатысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.

 Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты. 

«Заң жобасының тұжырымдамасы 1938 жылы АҚШ-та қабылданған қолданыстағы шетелдік агенттерді тіркеу туралы заңға (FARA) жақын. Fara шетелдік агенттің мәртебесін тек БАҚ үшін ғана емес, басқа заңды және жеке тұлғалар үшін де қарастырады. Сонда сіз қабылдаған заңды, біз қабылдай алмаймыз ба?», – деді Жапаров.

Еске сала кетсек, Қырғызстан журналистерінің наразылығын тудырған БАҚ туралы заң жобасын Садыр Жапаров кері қайтарды.  Заң жобасы Жогорку Кенеш депутаттарының қарауында болған. 

Жапаров заңды кері қайтару туралы шешімді 7 наурыз күні БАҚ басшыларымен кездесуден кейін қабылдаған.  

«Отырыс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің ақпаратын тыңдап, осы заң жобасына қатысты олардан түскен ұсыныстар ескерілді. Осыған орай президент Садыр Жапаров заң жобасын пысықтауды тапсырды», – деді президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов.

Аталмыш заң жобасын қабылдауға, “Институт медиа полиси» сарапшылары мен қырғыз омбудсмені Жәмиля Жаманбаева мен бірқатар парламент депутаттары және халықаралық ұйымдар қарсылық білдірген. Институт сараптамасында  заң жобасы Қырғызстан Конституциясының нормаларына және халықаралық шарттарға қайшы келетіні айтылған.

Қазақстандағы жағдай

Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан билігі «шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін» жариялады. Оның құрамында 240 ұйым мен азаматтар бар. 

Тізімге әртүрлі компаниялардан бөлек, құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ кіреді. Бұл тізімге бірнеше қазақстандық журналист пен блогерлер де кірді.  Бұл тізім жарияланған соң, Қазақстан банктері «шетелдік агенттер» тізіліміндегі компаниялардан ақшаның мақсаты туралы құжаттарды талап ете бастады.  

Сондай-ақ оқыңыз