Жер сілкінісінен сақтандыру: Қазақстан үшін қай елдің үлгісі тиімді?

Жарияланды
Жер сілкінісінен сақтандыру: Қазақстан үшін қай елдің үлгісі тиімді? / shutterstock

Дамыған елдер қандай сақтандыру институттарын құрады? Қай жерде жер сілкінісі қаупі жоғары? Қазақстан үшін қандай сақтандыру үлгісі тиімді? «Курсив» Жапония, Жаңа Зеландия және АҚШ халқы жер сілкінісінен қалай сақтанатынын зерттеді. Сонымен қатар сақтандыру нарығына қатысушылардан Қазақстан үшін қай елдің тәжірибесін қолдану тиімді екенін білді. 

Japanese Earthquake Reinsurance

Жапондық Japanese Earthquake Reinsurance (JER) сақтандыру туралы заң негізінде 1966 жылы құрылған. Бұл заң 1964 жылы Ниигатадағы жойқын жер сілкінісінен кейін пайда болды. Сол кезде 3,5 мыңнан астам үй қирап, 11 мың ғимарат зақымданған.

Жапонияда жер сілкінісінен сақтандырмен жеке компаниялар айналысады. Ал сыйақылардың барлық сомасын міндеттемелермен бірге жалғыз қайта сақтандырушы Japanese Earthquake Reinsurance алады.

Жер сілкінісі болса, Japanese Earthquake Reinsurance пен сақтандыру компаниялары ең алдымен полистер бойынша төлем жасайды. Егер жер сілкінісінен келген залал бекітілген көрсеткіштен асып кетсе (2024 жылы бұл 153,3 млрд жапон иені), JER және сақтандыру компаниясымен қоса  мемлекетте (JER сақтандыру міндеттемелерінің бір бөлігін береді) төлем жасайды. Зілзаладан келген шығынның сомасы белгіленген көрсеткіштен асып, оған қосымша ойыншылар қосылатын болса, онда бұл шығынның асып кетуінен қайта сақтандыру деп аталады. 

Бір жер сілкінісі үшін төленетін сақтандыру полисінің шекті сомасы алдын ала белгіленеді. Қазіргі таңда ол 12 трлн иенге (36,6 трлн теңге) тең. Тап осындай соманы JER, сақтандыру компаниялары және мемлекет төлеуі әбден мүмкін. Бұл салыстырмалы түрде алғанда Ұлы Канто жер сілкінісімен (1923) пара-пар болатын жойқын жер сілкінісі болса деген есеппен белгіленді. Ол кезде апаттан 105 мың адам қайтыс болып, қаншамасы із-түзсіз жоғалып кетті. Ал 370 мың үй жермен жексен болды. Айтылғандардан түсінгеніміз, Жапонияда күшті жер сілкінісі бола қалса, негізгі міндеттемелерді мемлекет өзі көтереді. Ал мұнымен салыстырғанда сілкініс қуаты аз болса, онда барлық шығын тек JER және сақтандыру компанияларының төлемдерімен өтеледі.

Жапонияда зілзаладан сақтану полисін жеке сатып алуға болмайды. Оны міндетті өрттен сақтандыруға қосымша ретінде сатып алу керек. 

Natural Disaster Fund

Жаңа Зеландияда жер сілкінісі жөніндегі комиссия (Toka Tū Ake EQC, немесе Earthquake commission) тұрғын үй иелеріне табиғат апаттарынан сақтануды ұсынады. 

Сақтандырудың бұл түрі EQCover деп аталады. EQCover алымы жаңазеландиялық үйді сақтандыру сыйақысының бір бөлігі. Үйін сақтандырған тұрғын жылжымайтын мүлкін табиғат апаттарынан, яғни жер сілкінісі, көшкін, жанартаудың атқылауы, гидротермальдық белсенділік пен цунамиден келетін залалдан алдын алады сақтанады. 

Егер сақтандыру сомасы активтерді қалпына келтіру құнын жаба алмаса. онда үйді жалпы сақтандыру өтемі беріледі. 

Жер сілкінісі жөніндегі комиссия табиғат апаттары қорын басқарады. Бұл қор тұрғын үйді сақтандыру сыйақыларының «апатты» бөлігіне жұмсалатын қаражатты жинаумен айналысады. Қаражатты Жаңа Зеландияның мемлекеттік бағалы қағаздарына және әлемдік қор нарығының акцияларына инвестициялайды. Жыл сайын халықаралық нарықтарда қайта сақтандыруды сатып алады. Жер сілкінісі жөніндегі комиссия мүліктерін сақтандырғандарға қордан 1,75 млрд аустралия долларын жұмсағаннан кейін ғана қайта сақтандырушылар төлем жасайды.

Комиссия жыл сайын кепілдік үшін қаржы министріне 10 млн австралиялық доллар төлейді. Кепілдік қордағы барлық қаражат таусылған жағдайда қалған талаптар бойынша міндеттемелерді мемлекет өз мойнына  алатынына сенімділік береді. Сонымен қатар комиссия табиғат апаттарынан келетін қауіп пен оны қалай азайтуға болатынын білу үшін зерттеулер мен білім беруге қаржы құяды.

Қазір комиссия 2010 жылы Кентербери мен Кайкурада болған жер сілкінісіне жұмсалған қор капиталын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Апатқа дейін қорда 6,1 млрд аустралиялық доллар болған.

California Earthquake Authority

California Earthquake Authority  (CEA) 1994 жылы Нортридждегі жер сілкінісінен кейін құрылды. Сол кезде зілзаладан 60-тан астам адам қаза тауып, 7 мың адам жарақат алған. 20 мың адам баспанасыз қалып, 40 мың ғимарат бүлінген. California Earthquake Authority  (CEA) – жеке қаражат есебінен қаржыландырылатын коммерциялық емес қоғамдық ұйым. CEA сақтандыруды тікелей сатпайды. Тек серіктестері және үйді сақтандырумен айналысатын сақтандыру компаниялары арқылы ғана жұмыс істейді. Калифорнияда жер сілкінісінен сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ мүлікті сақтандыруға кірмейді. Сақтандыру өнімдері бөлек сатылады. Зілзала салдары сақтанушының жарналары мен инвестициялық кірістері есебінен өтеледі.  

Қазақстанға қандай шетелдік үлгіні қолдануға болады?

«Евразия» СК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Самат Қабдолов Жаңа Зеландия мен Жапония қолданатын сақтандыру бағдарламалары Қазақстан үшін қолайлы деп есептейді.

«Бұл елдер сейсмологиялық тұрғыдан өте қауіпті аймақтарда орналасқан. Сақтандыру бағдарламаларын қолданғанына да 50-60 шақты жыл болды. Сонымен қатар экономикалық жағдайларды және алдағы уақыттағы болуы мүмкін тәуекелдерді ескеріп, нақты статистиканы жинақтап, бағдарламаны үнемі жетілдіріліп отырады», – дейді Қабдолов. 

«Қазақмыс» СК» АҚ андеррайтинг басқармасының басшысы Марина Полянская Қазақстанда жер сілкінісінен сақтандыруды міндетті түрде енгізу қажет екенін айтады. Бірақ жеке сақтандыру компанияларының бұған шамасы жетпейді. Мемлекеттік және халықаралық қайта сақтандыру бағдарламалары тартылу керек. Себебі Алматыда қатты жер сілкінісі болса, елдегі барлық сақтандыру компаниясының капиталы сақтандыру төлемдеріне жетпей қалуы мүмкін. Сондай-ақ Полянская мемлекет сақтандыру компанияларының шығынын белгілі бір деңгейде субсидиялау керек болатынын айтады. 

Basel сақтандыру компаниясының басқарушы директоры Олег Павлов жоғарыда аталған үш ұйымның ұқсастығына тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан жергілікті қажеттіліктер мен ерекшеліктерді ескеріп, бір қорға қаражат жинаудың дәл осындай үлгісін енгізе алады. Алайда Олег Павлов, мұндай пул азаматтардың (өз еркімен сақтандыру алғандар) аз ғана бөлігінің қажеттіліктерін өтейтінін – қалған міндеттемелерді толығымен мемлекет өз қалтасынан төлеу керек деген ойымен бөлісті. 

Сондықтан Basel сақтандыру компаниясының басшысы міндетті сақтандыруды ең тиімді шешім екенін айтты.

«Бізге келетіні – Түркияда қолданылатын жер сілкінісінен міндетті сақтандыру. Міндетті сақтандырудың кемшілігі – халық оны тағы бір «салық» ретінде қабылдайды. Бірақ бұл жерде мемлекет зілзаладан келетін залал мен сақтандыруды таразы басына тең салып барып шешім қабылдауы керек. Алматыда қатты жер сілкінісі болу мүмкін деген алып-қашпа сөз емес, нақты шындық. Мәселе оның қашан болатында ғана. Алайда жер сілкінісі қашан болады деп қарап отырмай, оған қазірден қамдана бастаған жөн», – дейді Павлов.

«Freedom Insurance» басқарма төрағасы Азамат Керімбаев сақтандыруға мемлекетті, оның ішінде ҚНРДА-ны тарту қажет деген ойын айтты. Сарапшының айтуынша, мемлекет қайта сақтандыру пулын құру бастамасын көтеру керек.  

Сонымен қатар Азамат Керімбаев жер сілкінісінен сақтандыруды цифрландыру арқылы қолжетімді етуді ұсынып отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ, «ИВЦ» ЖШС, «Алсеко» АҚ-ны сақтандыру агенттерінің жаңа делдалдары ретінде қатысуын қарастыратын болсақ, бұл полис түрі қазақстандықтар үшін қолжетімді болуы мүмкін. Егер делдалдық қызметтер цифрландырылатын болса, онда сақтандыру бағасы тиімді болады. Оны қызметтер төлеу қосымшасына қосылу арқылы оңай сатып алуға болады», – дейді. 

«Евразия» СК басқарма төрағасының бірінші орынбасары Самат Қабдолов цифрландыру сақтандыру өнімін арзан етеді дегенді мақұлдап отыр. Халықтың нақты табысы мен әл-ауқатының өсуімен бірге сақтандыру өнімдеріне деген сұраныстың да арта түсетінін айтқан Қабдолов экономикалық қолайлы сәтті күтпеуді ұсынады.

«Жер сілкінісі қаупі жанында төлем қабілеттілігі мен қаржылық сауаттылық екінші орында қалады. Басқа елдердегідей қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін ерте бастан дайындалу керек», – дейді «Еуразия» сақтандыру компаниясы өкілі.

Centras Insurance табиғат апаттары қаупінен сақтандыру институтын құру  идеясын мемлекеттік деңгейде қарастыру керек деген пікірмен келіседі. Сондай-ақ компания табиғи апаттардан сақтандыру деңгейін жақсарту бойынша кешенді шараларды ұсынып отыр.  

Жер сілкінісі хронолигиясы

Еске сала кетсек, 4 наурызда сағат 11:22-де Алматыда магнитудасы 5 да жер сілкінісі болды. Кейін дүмпулер қайталанды. Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында. Онда дүмпу магнитудасы 6,1 балл болған.

Президент Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министріне арнайы тапсырма берді. Шаһардың энергетикалық кешені қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. Одан кейін 67 адам медициналық көмекке жүгінген, сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Олардың үшеуі 2-3 қабаттан секіріп жарақат алған. 

Сондай-ақ оқыңыз