Тоқаев ұлттың келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды атады

Жарияланды
Тоқаев ұлттың келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар жайлы ой қозғады/ t.me/aqorda_resmi

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл» деген Тоқаев ұлттың келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды.

Президент сөз еткен құндылықтар қатарында ең бастысы тәуелсіздік және отаншылдық болды. Бұл қазіргі заманда өзекті екендігіне баса назар аударылды. Осыдан туындайтын бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық бір-бірін толықтыра түседі.

«Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз», – деді.

Сондай-ақ ұлттық мүдде мен Тәуелсіздікті қорғауға әрдайым дайын болу керек екенін атап өтті.

«Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті», – деді. 

Еске сала кетер болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың кезекті III отырысы өтті.

Тоқаев ең алдымен Құрылтайдың Атырау жерінде өту себебіне тоқталып:

«Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі», – деді.

Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент қоғамның көптеген мәселелері мен маңызды саяси өзгерістері жайлы айтты. Соның ішінде тіл, дін, есірткі қылмысымен күрес, жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділік деңгейін төмендету сияқты тақырыптармен қатар, негізгі елдік құндылықтар тақырыбын көтерді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын атап өтті.

«Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», – деді Тоқаев.

Ол қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтті. Соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін айтты.

Сонымен қатар Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады

Келесі құрылтай Көкшетауда өтетін болды. 

«Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын», – деп қорытындылады сөзін.  

Сондай-ақ оқыңыз