АҚШ-тағы TikTok табысы 16 миллиард долларға жетті – Financial Times
АҚШ-тағы TikTok желісінен 16 миллиард доллар табыс түсті. 2023 жылдың қаржылық есебімен Financial Times басылымы бөлісті. Бұл ретте басылым жеке дереккөздеріне сілтеме жасады.
Әлеуметтік желіге иелік ететін ByteDance-тің жалпы табысы 120 миллиард долларды құрады. Көрсеткіш бір жыл ішінде шамамен 40% өскен.
«Компания кірістің басым бөлігін Қытайдан алады. Таза табыс 28 миллиард долларға бағаланады», – деп хабарлады басылым.
Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі Meta (SPB: META) табысы 2023 жылы 16%-ға өсіп, 135 млрд долларға жетті.
Бұл тұста ByteDance қаржылық көрсеткіштерін жария етпейді. Компания өкілдері басылым тараптқан ақпаратқа қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Еске сала кетсек, АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Америка аумағында TikTok-қа тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады.
«ByteDance қызметтен бас тартуы керек, платформаға Құрама Штаттарда тыйым салынуы мүмкін», – деп жазылған құжатта.
Reuters ақпаратына сүйенсек, TikTok тағдыры Вашингтонда үлкен проблемаға айналды. Заң шығарушы орган өкілдері TikTok қолданушыларының қарсылық танытып, хат жазып, өтініш білдіріп жатқанын айтады. Бұл өтініштер саны Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысты тоқтатуға жазылған өтініштен бірнеше есе көп.
Дегенмен бұл шара АҚШ-тың Қытайға қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап ретінде Вашингтонның соңғы қадамы.
«Бұл – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселесі. Сенат мұны қарастырып, қабылдауы керек»,– деді өкілдер палатасындағы республикалық партия өкілі Стив Скализ.
Осы орайда TikTok басшысы Цзы Чу сенаторлармен тілдесу үшін Капитолийге барған.
«Бұл заңның алдын ала анықталған нәтижесі бар: Америка Құрама Штаттарында TikTok-қа толық тыйым салу. Үкімет 170 миллион америкалықты сөз бостандығынан, конституциялық құқығынан айыруға тырысуда»,– деді компания өкілдері.
Қазіргі уақытта заң жобасы Сенатта қаралып жатыр. Бұл ретте АҚШ президенті Джо Байден құжатты сенаторлар мақұлдаса, оған қол қоятынын мәлімдеп үлгерді.
Еске сала кетсек, аталған қысқа бейне жазбаларға арналған желі соңғы бірнеше жылда үлкен танымалдылыққа ие болды. Америка билігінің айтуынша, Қытай билігі бұл қосымшаны америкалықтардың жеке деректерін жинау үшін пайдалануы мүмкін. Компанияның бағалауы бойынша, TikTok-ты Америка Құрама Штаттарында шамамен 170 миллион адам пайдаланады.