Shell Қазақстандағы жобаларын жүзеге асыруда қажет тауарларды жергілікті өндірушілерден сатып алу бағдарламасын қайта қарайды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Shell PLC концернінің атқарушы вице-президенті Олжас Бектеновпен кездесті/ Фото: архив kursiv.media

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Shell PLC концернінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесті. Кездесуде мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Қарашығанақты кеңейту жобасы бойынша мұнай мен конденсат өндіруді жылына кемінде 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта тараптар шикі газды кері айдаудың қосымша компрессорларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобаның толыққанды қызметін қамтамасыз ету мақсатында акционерлердің есебінен Қарашығанақтағы қуаттылығы жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылуда.

Қашағанда газ өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылуда

Қашаған кен орнының тұрақты жұмысына ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнай өндіру 18,77 млн тонна, газ өндіру 11,86 млрд м3, газды қабатқа кері айдау 5,83 млрд м3 құрады. Кен орнын толық игеру үшін Қашағанда газ өңдеу зауытын салу мәселесі пысықтау сатысында тұр.

ҚР Үкіметінің басшысы жобаларды іске асыру шеңберінде, оның ішінде Қазақстан аумағында жоқ өндірістерді оқшаулау арқылы қазақстандық қамтуды арттырудың басымдығын атап өтті.

Жергілікті қамту үлесі әлі де төмен

«Бүгінде жоба операторларының жұмысындағы жергілікті қамту үлесі қолайлы деңгейде. Ал тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту үлесі әлі де өте төмен. Бұл өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынасты қажет етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниетін растады. Сондай-ақ талқылау нәтижесінде жақын арада ішкі нарықта тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды ұлғайту мақсатында жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасы қайта қаралатын болады.

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Shell компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік және білім беру жобаларының оң әсерін атап өтті.

Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны — Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында орналасқан. Ол Қазақстандағы ірі мұнай-газ кен орны. 1979 жылы ашылған.

Қашаған — Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Қашаған 75 км x 45 км аумақты алып жатыр. Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны.

Еске сала кетсек, Британдық-Нидерландтық Shell мұнай-газ компаниясы 2023 жылдың төртінші тоқсанында түзетілген кірісті алдыңғы тоқсанға қарағанда 17%-ға арттырды. Бұл туралы компанияның 2023 жылғы төртінші тоқсандағы нәтижелері туралы қорытынды есебінде жазылған.

Алайда нарық қатысушылары көрсеткіштердің төмендеуін болжаған болатын.

Компания есебінше, қазан-желтоқсан айларында бір реттік факторларды есептемегенде пайда 7,31 млрд долларды құрады. Ал алдыңғы тоқсанда көрсеткіш 6,22 млрд доллар болатын. Vara Research сауалнамасына қатысқан сарапшылардың консенсус болжамында көрсеткіш 6,04 млрд доллардан аспаған.

Сондай-ақ оқыңыз