БҰҰ: Газа тұрғындары жаппай ашаршылық алдында тұр
Газа секторының халқы апатты ашаршылықтың алдында тұр, аймақта атысты тоқтату қажет, деп мәлімдеді БҰҰ.
Ұйымның мәліметі бойынша, аймақтағы азаматтардың 70%-ы азық-түлік тапшылығынан зардап шегеді. Ал солтүстік провинцияларда жаппай аштық осы жылдың мамыр айына дейін жариялануы мүмкін.
Газа Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта тамақтанбау салдарынан 27 бала мен үш ересек адамның қайтыс болғанын хабарлады.
«Аштықтың алдын алу үшін атысты дереу тоқтататын саяси шешім қажет. Бүкіл Газа халқына гуманитарлық және коммерциялық көмекті айтарлықтай көбейту қажет», – делінген БҰҰ хабарламасында.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Израиль гуманитарлық көмекті Газаның барлық бөліктеріне толық және кедергісіз кіруіне жағдай жасауы керек екендігін айтты.
Өз кезегінде Израильдің Сыртқы істер министрі Исраиль Катц Израиль «көмек көрсеткісі келген елдердің барлығына Газаға құрлықтағы, әуе мен теңіздегі жолды ашқанын» айтты.
Газаға гуманитарлық көмек жеткізу
Айта кетейік, 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік бағдарламасы Газа аймағында зардап шеккендерге азық-түлік таратуды тоқтатқан. Шешімнің қабылдануына сектор тұрғындарының бағдарлама қызметкерлеріне шабуылдауы, қарақшылықтың жиілеуі себеп болған. Босқындарға азық-түлік таратуға келе жатқан жүк көліктерін Вади-Газа кеден бекетінде бір топ аш адам қоршап алып, жүкті тонауға талпынған. Олар оқ атқан. Дүйсенбі күні жүк көліктерінің тағы бір көшін жолда тоқтатып, тонап кеткен. Жүргізушілердің бірі зардап шеккен. Жоба мәлімдемесінде азық-түлік үлестіріп жатқан уақытта да адамдар жиі төбелесетіні жазылған.
14 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық колоннасы Газаның солтүстік бөлігіне көмек жеткізуді қайта жаңғыртып, Израильді кесіп өтетін жаңа құрлық бағытын пайдаланатынын хабарлаған едік. Израиль әскери күштері Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының алты жүк көлігі Газа шекарасындағы қақпа арқылы өткенін хабарлады.
Газадағы қақтығыс
Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.
1 наурызда Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері Газа аймағында қайтыс болған азаматтардың саны 5 ай ішінде 30 000 асты. Ақпаратты Газа денсаулық сақтау органдарының өкілдері жариялаған. 29 ақпанда гуманитарлық көмекті күткен 100-ден астам палестиналық азаматты Израиль әскері атып өлтірген. Алайда Израиль билігі қайтыс болғандардың көпшілігін гуманитарлық көмекті алып келген көліктер жаншып өлтіргенін айтады. Медициналық бригадаларға жарақаттанғандар саны мен олардың жарақатының ауыр болуына байланысты адамдарды құтқару қиын болған. Ондаған жаралы адам израильдік рейдтен кейін жартылай ғана жұмыс істеп тұрған әл-Шифа ауруханасына жеткізілді