Мереке күндері Алматыда нөсер жауады деген болжам жасалды – әкімдік сел қаупіне байланысты тауға шығудан бас тартуды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
нөсерлі жауын
20-22 наурыз күндері нөсерлі жауын кезінде қаланы су басудан сақтау үшін қалалық коммуналдық қызмет дайындыққа келтірілген / Фото: kursiv.media

20-22 наурыз күндері Алматыда ауа райы бұзылып, нөсер жауады деп күтілуде. Бұл жайлы «Қазгидромет» болжамында айтылған. Мереке күндері жауын-шашынды болатынына байланысты қалалық коммуналдық қызметтер дайындыққа келтірілген.

«Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады. 2,3 мыңнан астам қап құм дайындалды. Аудандық әкімдіктерде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылатын болады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Ауа райының нашарлауына байланысты тұрғындарға тауға барудан бас тарту, жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймау ұсынылған. Сонымен бірге су басып қалу қаупін болдырмау үшін қала тұрғындарына арық пен нөсер ағындары мен каналдарға қоқыс тастамау сұралды.

Нөсерге қарамастан, Алматыда «Наурызнама» он күндігіне байланысты мәдени шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда 20 наурызда – «Ұлттық спорт күні» аталып өтеді. Бұл күні оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынынан турнирі өтеді. Сонымен қатар, Алматы галереясында Наурыз мерекесіне арналған суретшілер мен мүсіншілердің тақырыптық көрмесі өтеді. Республикалық академиялық Неміс драма театрында «Рух» тақырыптық қойылымы өтеді.

21 наурыз– «Ынтымақ күні» аталып өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Наурыз мерекесіне арналған «НАУРЫЗ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ» концерті өтеді. Сондай-ақ, қала тұрғындары «КӨШ. НАУРЫЗ-ДУМАН!» мерекелік бағдарламасын тамашалай алады. Бұған қоса, 21-22 наурыз 19:00-ден 22:00-ге дейін «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік орталық мұражайында «Наурыз нақыштары» Халықаралық көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

21-23 наурыз аралағында күні бойы қала орталығында «Наурыз» мерекесіне арналған ойын-сауық-танымдық бағдарлама ұйымдастырылады. Дәл осындай шара «Алатау» дәстүрлі-өнер театрында да ұйымдастырылады

Еске сала кетсек, алдағы мерекеге орай қазақстандықтар ұзақ демалысқа шығады. Елімізде наурыз мейрамы ресми үш күн тойланады. Соған орай қазақстандықтар бұл мерекеде үш күн, яғни 21-22-23 күндері демалады. Осы жылы 23 наурыз сенбіге түсетіндіктен, ол күнгі демалыс 25 наурыз дүйсенбіге ауыстырылады.

Сондай-ақ оқыңыз