Соңғы 5 жылда кедендік және салықтық түсімдер 4 трлн теңгені құрады – Қаржы министрі

Жарияланды
кедендік түсімдер
Министрлік осы жылы салықтық және кедендік түсімдер бойынша бюджетке 1,6 трлн теңге түседі деп жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media

Соңғы 5 жылда салықтық және кедендік түсімдер көлемі 4 трлн теңгені құраған. Оның 23%-ы немесе 932 млрд теңгесі 2023 жылы түскен. Бұл жайлы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

Министрдің айтуынша, түсімдердің артуына бұл саланы цифрландыру оң әсер еткен.

«Соңғы 5 жылда салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен, республикалық бюджет қосымша 4 трлн теңгеге толықты. Оның 23%-ы немесе 932 млрд теңгесі 2023 жылы түсті. Осы жылы әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл алдыңғы жылғы деңгейден 173%-ға көп»,  – деді Тәкиев.

Министр 1,6 трлн-дық межеге жету үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бірінші кезекте – «таза парақтан реттеу» шеңберінде салықтық тексеруді белгілеу кезінде Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) өлшемшарттары қайта қаралған. Енді ол нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі екен.

«Нәтижесі айтарлықтай жақсы болып тұр. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда, салықтық тексеру саны 16%-ға азайса да, салықтық өндіріп алу екі есеге ұлғайды», – деді ведомство басшысы.

Сонымен бірге «Электрондық шот-фактура» ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактураларды тіркеу немесе жазып беру кезінде адамды биометриялық сәйкестендіру функциясы іске асырылған. Бұл бөтен адамдарға компанияларды тіркеу, сондай-ақ жалған шот-фактураларды жазып беру тәуекелдерін алдын алуға мүмкіндік берген.

Ал қосылған құн салығын жедел қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін,  талдамалық жүйе әзірленген. Министр бұл жүйенің отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау болатынын айтады.

Кеденді әкімшілендіру

Екіншіден, кедендік әкімшілендіруде тәуекел бейіндері жетілдіріліп, бұл жүктерді тексеру уақытын айтарлықтай азайтқан. Сонымен бірге бұл саланы жетілдіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын айтты.

«Қағазсыз транзит бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл да тексерулер санын азайтуға мүмкіндік берді. Жоба сынақтан сәтті өткен жағдайда, осы тәжірибені таратуды жоспарлап отырмыз. 9 өткізу пунктін жаңғырту және заманауи шешімдерді енгізу жалғасуда. Бұл тиісті пунктердің өткізу мүмкіндігін 6 есеге ұлғайтады, жүктердің өту уақыты 2 есеге қысқарады. Барлық жұмыс ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Қабылданып жатқан шаралар, елдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді», – деді.

Мәди Тәкиев сыртқы шекараның барлық өткізу пунктерінде Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдермен ішкі шекараның 7 өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі енгізілгенін айтты.

«Бұл Орталық Азиядағы жалғыз жүйе екендігін ерекше атап өту керек. Нәтижесінде, тасымалдау процесінің ашықтығы мен жылдамдығы қамтамасыз етілді, автокөліктің жиналып қалуы барынша азайтылды. Аталған факторлар жалдау құнына әсер етеді, тасымалдаушылар шығындарының төмендеуіне алып келеді, бұл тауардың бағасына оң әсер етеді»,  – деді Қаржы министрі.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов электрондық кезек жүйесі оң нәтиже бергенімен, қабылданып жатқан шаралардың әлі де жеткіліксіз екенін айтты.

«Өткізу пунктерін жаңғырту созылып кетті. Олар тиісті деңгейде жабдықталмай отыр. Цифрландыру дәуірінде 20 өткізу бекетінде ұялы байланыс жоқ. Бұл жұмысты жылдамдату керек. Кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке толық төленуін қамтамасыз ету стратегиялық тұрғыдан аса маңызды екенін атап өтемін. Салықтық және кедендік әкімшілендіру процестерін толығымен цифрландыру керек», – деді үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, кедендік төлемдердің 2022 жылмен салыстырғанда 18%-ға артқанын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры  Елдос Саудабаев та айтқан болатын. 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 78%-ға артып, 2 296,4 млрд теңгені құрғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз