Қазақстанда шенеуніктердің жалақысына жылына 1 трлн теңге жұмсалады – Қаржы министрі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Елімізде 89 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерге 1 трлн теңге жұмсалады / Фото: senate.parlam.kz

Қаржы министрі Мәди Тәкиев шенеуніктердің жалақысына бюджеттен жылына қанша ақша бөлінетінін айтты.

Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдері соңғы 10 жылда елімізде шенеуніктердің саны айтарлықтай өскенін айтып, министрден мемлекеттік аппаратты ұстауға жылына бюджеттен қанша қаржы жұмсалатынын сұрады.

«Мен барлық мемлекеттік аппараттың жалақысы туралы айта аламын. Бүкіл мемлекеттік аппараттың айлығы үшін жылына 1 трлн 32 мың теңге бөлінеді», – деп жауап берді министр.

Оның айтуынша, 10 жыл ішінде шенеуніктердің саны айтарлықтай өзгермеген. Министрліктерді бөлу туралы шешім қабылданғаннан кейін де штат саны сол көлемде. Елімізде әлі де 89 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді.

«Шенеуніктердің саны өзгерген жоқ. Бізде 21 министрлік болды, оларды біріктіріп, комитеттерді қосқанда 14 министрлік болды. Содан кейін жаңадан ірі министрліктер құрылғанда қайта бөлдік, бірақ штатты көбейткен жоқпыз», – деді министр.

Министр жауабын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков толықтырды.  Оның айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің штат санын тиімді ету мақсатында – 15 пайызға қысқарған.

«2022 жылы тағы 10% – ға қысқарту көзделді. Бірақ естеріңізде болса, Президентіміз сол кезде мемлекеттік қызметшілер саны оңтайлы болғанын, сондықтан штат санының 10% -ға қысқарту туралы шешім тоқтатылғанын атап өтті», – деп қосты ол.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтегі теңсіздік мәселесін қозғаған еді. Президент Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейтінін мәлімдеді. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында айтты.

Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы мәселесін де көтерді. Айтуынша, елдегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар көп. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру қажеттігін айтқан президент, емлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастыруды ұсынды.

«Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерге төленетін материалдық өтемақы туралы да айтты. Тоқаев шенеуніктердің еңбегі лайықты бағалануы тиіс екенін меңзеді.

«Әрине, жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет, – деді.

Сондай-ақ оқыңыз