«Қазтеміртранс» АҚ қызметкерлерінің кәсіпкерлерден пара алу ісі бойынша сот үкімі шықты
«Қазтеміртранс» АҚ-ның төрт қызметкері сыбайлас жемқорлық жасағанына, ал 16 пара беруші жүк-жөнелтуші-кәсіпкер пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық істің мән-жайы
2022 жылы «Қазтеміртранс» АҚ филиалының лауазымды адамдары мен жүк жөнелтушілердің сыбайлас жемқорлық схемасы анықталған еді. Олар 2019-2022 жылдары жүкті тасымалдауға қажет вагондар тапшылығы кезінде жүк жөнелтушілер мен олардың өкілдерінен жүк тасымалдауға арналған вагондарды кедергісіз бергені үшін жүйелі түрде пара алып отырған.
«Бұл қылмыстық іс биылғы 18 наурызда сотта қаралды. Сот үкімімен «Қазтеміртранс» АҚ-ның төрт қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны бойынша, атап айтқанда, пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Үшеуі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Біреуі қайтыс болғандықтан, жазадан босатылды», – делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.
Пара бергендер де кінәлі
Сот 16 пара беруші жүк-жөнелтуші-кәсіпкерлерді де кінәлі деп таныды. 15 кәсіпкер шын өкінгендіктен, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Өйткені олар пара беру түрінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандары туралы кінәсын толық мойындады. Оған қоса қылмыстың ашылуына ықпал етті және жасаған ісіне өкінді. Кінәні мойындамаған бір кәсіпкерге 49 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық қылмысты алғаш рет жасаған адамды тек сот шынайы өкінгендіктен, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін (Қылмыстық кодекс 65-бабы).
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Қазтеміртранс» АҚ жүк вагондарын жалға берумен, жүк вагондарын өндірумен және жоспарлы жөндеумен айналысады. Оған қоса жүк вагондарын сақтайды, өңдейді және металл сынықтарын сатады.
Пара сұрағандар жазаланады
Еске салайық, былтыр Қылмыстық кодекске пара сұрағандар жазаланатын жаңа бап енгізу туралы заң жобасы шыққан еді.
Енді қандай да бір лауазымды тұлғаның пара сұрағаны немесе пара алуға келіскені белгілі болса, ол заң арқылы жазаланады. «Ашық НҚА» поталында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы шықты.
Заң жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Құқықтық реттеудің жаңа құралдарын енгізу жолымен жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жою жөніндегі нормаларды көздейді», – делінген түсіндірме құжатта.
Осыған байланысты, сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізіміне параны уәде ету/ұсыну, параны алуға келісу, пара сұрау немесе талап ету үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекске жаңа бап нөмірлері ұсынылған. Яғни пара алғаны үшін ғана емес, сонымен бірге алуға ниетті болғаны үшін жаза қарастырылған.
Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ұсталған
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды», – деп жазылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.
Агенттік нақты атын атамаған күдікті қазіргі уақытта Алматыдағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Агенттіктің хабарлауынша, тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді.
Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, жемқорлық күдігіне іліккен – бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ерлан Қожағапанов. Ол 2017-2019 жылдары және 2021 жылы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарған.