Бақытжан Базарбек полиция құрамында адам саудасымен айналысушы топтардың мүддесін қорғайтындарға қатысты статистикаға күмән келтірді
Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы» заң жобасы қаралуда. Заңды талқылау барысында депутат Бақытжан Базарбек ІІМ Ержан Сәденовке жеңіл жүрісті қыздарға арналған притондардың қызметі полиция қызметкерлерінің рұқсатымен немесе көмегімен жүзеге асады деген мәлімет келтірді.
Депутат әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көсету, адам ағзалары мен тіндерін саудалау, сондай-ақ балаларды заңсыз асырап алуға беру туралы жарнамалар кездесетінін мәлімдеді. Әлеуметтік желі арқылы осындай жарнама тарататындардың жетекшілері шетелде отыр. Алайда оларды қылмыстық жауапкершілікке тартылмай жатыр деді Бақытжан Базарбек.
«Мәселе – өте өзекті. Заң жобасында интернет желісі арқылы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Замануи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Оған республика азаматтары немесе шетелдік ұйымдастырушылар бола алады. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар, керек десеңіз құжатым да бар. Осындай хабарландыруды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер шетелде болса осындай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады?», – деді депутат.
Сондай-ақ мәжілісмен заң жобасын өте әлсіз, механизмдері аз деп баға берді. Заңда өзі айтып өткен қылмыстық әрекеттерді жарнамалауға тыйым салу механизмдері қарастырылмағанын жеткізді. Депутатқа бұл мәселе бойынша бұған дейін ІІМ орынбасары Игорь Лепеха жазбаша жауап берген.
«Менің қолымда сіздің орынбасарыңыз Лепеханың жауабы. Орынбасарыңызға бірнеше сұрақ қойдым. Жезөкшелік притондардың үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деген позициямды әлі ұстанып отырмын. Қанша полиция қызметкерлері жауапқа тартылды?! 2023 жылы бар болғаны 5 полиция қызметкері ғана жауапқа тартылыпты. Егер мен өзім іске кірісіп, бұл ақпаратты жоққа шығарсам, жалған болып шығады ғой», – деді Бақытжан Базарбаек.
Депутат көтерген мәселеге Ержан Сәденов бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр деп жауап берді.
«Орынды сұрақ. Интернет ресурстары бойынша мәселе 309-баптың 2-бөлігінде қарастырылған. Қандай жұмыстар жүріп жатыр дегенге келсек, кибернадзор деген бағдарлама бар. Сол бойынша осындай фактіні анықтаған сәтте тосқауыл қоямыз. Бүгінгі күні қылмыстық әрекеттер бар 6 мыңнан астам осындай жарнамаға тосқауыл қойдық. Өкінішке қарай, жетекшілері көбінесе шетелде отырады. Жалпы бұл жұмыс біздің күнделікті бақылауымызда. Заман бір орында тұрған жоқ, цифрландыру дамыған сайын, соған қатысты қылмыстардың тәсілі де өзгеріп келеді«, – деді ІІМ Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сәденов орынбасарының «4 факт қана бар» деген жауабын «нақты фактілер шығар» деп нақтылады.
«Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. ІІМ саласында өзіндік қауіпсіздік департаменті бар. Сол департамент осы жұмыстармен айналысады. Мен оларды сатқындар дер едім. Біз олармен көп сөйлеспейміз. Оларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке, дәлелденбей жатса, жұмыстан теріс сипатпен шығарамыз. 4 фактіні қарайын. Өзіңізбен жеке осы сұрақ бойынша ұсыныстарыңыз болса қарайық. Иә, проблема үлкен», – деді ол.
Бақытжан Базарбек министрден «өзіңіз 4 факті ғана тіркелгеніне сенесіз бе?» деген сұрағына, «полиция қызметкерлерінің 99 пайызы өз ісі мен антына адал дегенге сенімдімін» деп жауап берді.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында адам саудасына қарсы іс-қимылды реттейтін заң жобасы қаралып жатыр. Заңның ілеспе құжатына притон ұстау мен жеңгетайлық қызмет ауыр қылмыс санатына жатқызылатыны туралы түзетулер енгізілген. Ержан Сәденовтің айтуынша, заң жобасына 2 ілеспе құжат бар. Ілеспе заң жобасы аясындағы бірінші құжатта «адам саудасымен байланысты қылмыстар» ұғымы енгізіледі. Яғни «адамды қанау» ұғымы кеңейтіледі.
«Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі, яғни «притон ұстау және жеңгетайлықты» «интернет желісі арқылы» жасау деген жаңа саралау белгісі көзделді. Осылайша, бұл қылмыс ауыр санатқа жатқызылады»,– деді министр.
Бұдан бөлек Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің әлеуметтік арнаулы қызметтер алуға құқығы көзделді.
«Бұдан басқа, «Неке және отбасы туралы» кодексте: лауазымды адамдарға балалар қалдырылған жағдайда, олар бұл туралы прокуратураға хабарлау міндеті бекітілді. Атап айтқанда, приюттер, балалар үйлері және басқа да ұйымдарды қамтиды. «Жәбірленішулерге өтемақы қоры туралы» Заңға қосымша үш қылмыс түрі, яғни қанау мақсатында ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, және жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізілді», – деді Ержан Сәденов.
Заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де өзгерістер енгізіледі. Бұл жерде балаларды өздеріне қалдырғаны туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдар, приюттер мен балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік көзделген.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары негізгі заң жобасы мен оған ілеспе 2 заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.