Ермұрат Бәпи Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты шығарылған сот үкімін сынға алды
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты сот үкімі туралы ақпаратты бірінші болып жариялаған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл шешімді сынға алды.
Оның пікірінше «Ескі Қазақстанның» «Жаңа Қазақстанға» ықпалы бар. Ол соттың Самат Әбішті 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы шешімін «күлкілі жағдай» деп санайды.
Мәжіліс кулуарында Ермұрат Бәпи Самат Әбіш ісіне қатысты пікір білдірді.
«Соттың шешіміне баға бере алмаймын. Азаматтық пікірімді айтатын болсам, Самат Әбіш қылмыстық жауапкершілікке тартылды деген кезде прокуротура тарапы «қызметін асыра пайдаланды» деген бап бойынша жауапқа тартылды деп мәлімдеген. Ал енді айналып келгенде «сиырқұйымшақтатып» жіберген сияқты. 8 жылға шартты түрде соттау, бұл күлкілі жағдай. Соңғы 30 жылда Қазақстанның тарихында болмаған. 8 жыл шартты мерзім деген, тіпті бесіктегі бала күлетін жағдай,» – деді ол.
Депутат БАҚ өкілінің «Назарбаевтың туысы болғаннан кейін, осындай шешім қабылданды деп ойлайсыз ба?» деген сауалына да жауап берді.
«Осындай шешімнің шыққаны міндетті түрде Назарбаевтың немере інісі болғаннан кейін. Екіншіден біз Ескі Қазақстаннан әлі де алыстап кете алмағанымыздың белгісі деп ойлаймын», – деп жауап берді Ермұрат Бәпи.
Бәпи соттың мұндай шешім шығаруына саяси және атқарушы биліктің ықпалы болды деп есептейді.
Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіштің 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын растады.
Ақпаратқа сүйенсек, сот «Құпия» белгісіне ие болғандықтан, жабық түрде өткен.
«Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан А.-ны белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады», – делінген хабарламада.
Астана сотының мәліметіне сүйенсек, Самат Әбіш «кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген». Сот оны 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол кінәлі деп танылған бап негізінде пробациялық бақылау белгіленген.
«Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген сот хабарламасында.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Әбіштің пробациялық бақылауға алынғанын айтты. Министрдің сөзінше, Самат Әбіш сот үкімінен кейін тіркелген мекен-жайында өмір сүріп, шетелге шығуы шектелген.
«Аталмыш азамат (Самат Әбіш – ред.) пробациялық бақылауда. Ол елден кете алмайды. Өзінің тіркелген мекен-жайы бойынша болуы керек», – деді министр Мәжіліс кулуарында журналистерді Самат Әбіштің сотталғаны туралы сұрағына жауабында.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасы» бойынша кінәлі деп танылғаны туралы депутат Ермұрат Бәпи Facebook-аккаунтында жазған.
Ол Қазақстанда ешкім сегіз жылға шартты түрде сотталмағанын атап өткен еді.