Роман Скляр Денис Мантуровпен «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенін құру мәселесін талқылады

Жарияланды
«Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенін құру мәселесін талқыланды/kursiv.media

 ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары – өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесу өткізді. Кездесуде «Байқоңыр» кешенінің негізгі мәселелері талқыланды.

Нақтырақ айтар болсақ,  «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенін құру жөніндегі жобаны іске асыру барысы сөз болды. Тараптар жобаның бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар мен жасалған келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Сондай-ақ кездесуде жобаны іске асыруды жалғастырудың одан әрі бірлескен іс-қимылдар тәртібі келісілді. Оған сәйкес қазақстандық тарап «Бәйтерек» бірлескен ғарыш зымыраны кешенінің жерүсті инфрақұрылымын құруға және жаңғыртуға жауапты.

Сонымен қатар тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Байқоңыр қаласын дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, ҚР азаматтарына Байқоңыр қаласына кіріп-шығуға рұқсат беру құжаттарын электронды түрде рәсімдеу мәселесі талқыланды. 

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім хаттамасына өзгеріс енгізілетіні ақпанда белгілі болған. Осыған қатысты Үкімет қаулысы Ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.

«Қоса беріліп отырған 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын» – деп жазылған үкімет қаулысында.

Хаттамаға Қазақстан үкіметі атынан қол қою өкілеттігі ЦДИАӨМ министрі Бағдат Мусинге берілген.

Екі ел келісімнің 20-бабын басшылыққа ала отырып, бірнеше бапқа өзгеріс енгізеді. Атап айтқанда, келісімнің 5-бабының бірінші абзацына өзгеріс енгізіледі. Онда «Тараптар орта класты тасымалдағыш зымыранмен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынағын бастауды 2024 жылы қамтамасыз етеді» деп өзгертіледі. Ал төртінші абзацы: «2027 жылға дейін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінен «Союз-5» тасымалдағыш зымыранын кемінде 3 рет сынақтан өткізу жүзеге асырылады» деп түзетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз