Brent маркалы мұнай бағасы тағы қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай бағасы қымбаттады. Фото: shutterstock.com

Әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 86,8 доллардан асты. Сейсенбі күні сауда-саттықта мұнай бағасы тұрақтады.

Ал дүйсенбі күні геосаяси шиеленістердің салдарынан мұнай бағасы біраз қымбаттаған болатын.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстерінің бағасы барреліне 86,82 доллар болды. Бұл алдыңғы сессия жабылғандағы бағадан 7 центке жоғары. Дүйсенбі күні бұл келісімшарттар барреліне 1,32 (1,6%) долларға қымбаттап, 86,75 долларды құраған.

Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электронды саудада мамыр айындағы WTI мұнай фьючерстерінің баға белгіленімі 6 центке өсіп, барреліне 82,01 долларды құрап отыр. Соңғы сессияның соңында келісімшарт бір баррель үшін 1,32 (1,6%) долларға қымбаттап, 81,95 доллар болды.

MarketWatch басылымының жазуынша, мұнай бағасына Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әсер еткен. Сондай-ақ Ресейдегі өндірістің қысқаруы және АҚШ-тағы бұрғылау қондырғылары санының азаюы да ықпал етіп жатыр.

StoneX сарапшыларының айтуынша, Ресей Федерациясының мұнай өңдеу қуаты шамамен тәулігіне 400 мың баррельге қысқарған.

«Соңғы үш аптада ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына сегіз шабуыл жасалды және бұл Украинаның ресейлік энергетика секторын тұрақсыздандыру науқанының бір бөлігі сияқты», – деп жазды Алекс Ходес бастаған компания сарапшылары.

Өткен аптада «қара алтын» бағасы АҚШ-тағы шикізат қорының азайғаны туралы мәліметтерге байланысты шамамен 4%-ға өскен.

Еске сала кетсек, Украина Ресей мұнайын өндіру зауыттарына жасаған шабуылынан кейін, Ресейде бензин бағасы едәуір көтерілді.

DW ақпаратына сүйенсек, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы алты ай ішінде ең жоғары деңгейге жеткен.

Goldman Sachs компаниясы Brent бағасы барреліне 70-90 долларшамасында қалыптасады деп болжам жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз