Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер биыл іске қосылады – Цифрлық даму министрлігі
Цифрлық дербестікті қорғау мақсатында Қазақстанда суперкомпьютер жасалады. Мәжілісте жасанды интеллектіні дамыту мен қолдануды құқықтық реттеу мәселелеріне арналған комитет отырысы өтті. Жиында қуаты күшті суперкомпьютер қашан іске қосылатыны белгілі болды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин суперкомпьютерді 2024 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
«Ең бастысы, есептеу қуатын қалыптастыру керек. Бұл бағыттағы қадамдар бізге қажет болғаннан кейін іске асырылып жатыр. Осы орайда ұлттық компанияларға, университеттерге, мемлекеттік органдарға арнайы хаттарды жолдап, қанша есептеу қуаты қажет екенін зерттедік. Көптеген есептеуіш қуат шынымен жетіспейді. Қазір үш кезеңде суперкомпьютер жасауды және онымен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмыз», – деді вице-министр.
Қаныш Төлеушиннің айтуынша, қазірдің өзінде арнайы чиптер сатып алынуда.
Ол үшін «Самұрық-Қазына» мен G42 кәсіпорны арасында суперкомпьютерді іске қосатын бірлескен кәсіпорындар құрылған. Аталған кәсіпорын суперкомпьютерді биыл іске қосады. Үшінші кезеңде суперкомпьютерге арналған деректерді өңдеу орталығының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған.
Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады
Ал электрондық өнеркәсіпті және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғизат Байтұрсынов елімізде жасанды интеллект орталығы құрылатынын мәлімдеді. Департамент басшысы жасанды интеллект жинаған ақпараттардың қауіпсіздігіне қаншалықты сенуге болады деген сұраққа жауап берді.
«Жасанды интеллектінің қауіпсіздігі заңнамада қарастырылатын болады. Жиналған ақпараттардың барлығы көбіне «тұлғалық емес» ақпарат ретінде жиналады. Жасанды интеллектінің платформасы ақпаратты интеллект өнімі бойынша жинақтайды. Яғни онда ақпараттық қауіпсіздік міндетті түрде сақталатынына кепілдік бар», – деді Байтұрсынов.
Ғизат Байтұрсыновтың мәліметінше жасанды интеллект орталығында еліміздің бизнес, ғылым, цифрландыру және басқа да сала өкілдері мен шетелдік сарапшылары болады. Онда жасанды интеллект бойынша белгілі бір жетістікке қол жеткізген шетелдік компаниялар да жұмыс істейді. Осының аясында сарапшы кеңесі құрылады. Оның құрамына шетелдік компаниялар, қауымдастықтар, ғылым мен мемлекеттік органдар кіреді. Департамент басшысы «суперкомпьютер» жүйесінде базалық деректер сақталатын атап өтті.
«Жасанды интеллект арқылы кез-келген нәрсені дамыту үшін екі нәрсе қажет. Біріншісі – есептеу қуаты, екіншісі – ақпарат. Қазіргі таңда біз ақпаратты «smart ukimet» арқылы бір платформада жинақтап жатырмыз. Сондай-ақ жинақталған ақпаратты жасанды интеллект бойынша өнім жасарда беретін боламыз. Ал оның есептеу қуатын жүзеге асыру үшін. биыл шетелдік G42 компаниясымен бірлесіп «суперкомпьютер» жүйесі жасалып, іске асырылады. Ол жыл ортасында іске қосылады деп жоспарлануда», – деді Байтұрсынов.
Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – суперкомпьютер
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қуаты күшті «суперкомпьютер» құруға кіріскенін айтқан еді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру қажет екенін айтты.
Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан президенттің айтуынша, мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс.
Сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектіні реттеу жөніндегі арнайы комиссия құрылады. Ол осы саладағы жаңа технологияларды дамыту қауіпсіздігін бағалайтын болады. Бұл туралы «Ашық НҚА» сайтында жарияланған «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасы» жобасында жазылған.
Құжатта атап өтілгендей, Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы және «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» жобасы бойынша денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект қолданыла бастады. Қазір елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және цифрлық трансформация тұжырымдамасы сияқты стратегиялық жоспарларында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі міндеттер айқындалған.
Oxford Insights жүргізген Үкіметтің 2023 жылға арналған жасанды интеллектіні пайдалануға дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің ішінде 72-ші орында және аймақта Үндістан мен Түркиядан кейінгі үшінші орында тұр.