Туризм министрлігі Қытайдың Weibo, WeChat әлеуметтік желілерінде Қазақстанды жарнамалауға 48 млн теңге бөледі

Жарияланды
WeChat
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Weibo, WeChat әлеуметтік желілерінде Қазақстанды насихаттайды / Фото: kursiv.media

ҚР Туризм және спорт министрлігі Қытайдың танымал әлеуметтік желілерінде Қазақстанның аккаунттарын жүргізу арқылы халықаралық нарықта туризмді жарнамалауды жоспарлап отыр. Осы мақсаттарға министрлік 48,4 млн теңге жұмсамақ.

Министрлік кем дегенде 3 млн адамды қамтитын Weibo, WeChat әлеуметтік желілеріндегі жарияланымдар арқылы Қытай аудиториясының қызығушылығын арттыруды көздеп отыр. Осылайша министрлік Қазақстанды және оның туристік мүмкіндіктерін халықаралық туристік нарықта ілгерлетпек.

«Қызметтің мақсаты – Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес «Келуші туристер санын ұлғайту» көрсеткішіне қол жеткізу және  халықаралық деңгейде туристік әлеуетті ілгерілету», –делінген құжатта.

Министрлік бекіткен талаптарға сәйкес, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ компаниясы Қытайдың Weibo, WeChat сияқты танымал әлеуметтік желілерінде аккаунттар жүргізу бойынша медиажоспар дайындайды. Ол Қытай аудиториясына контент мазмұнын құрып, арнайы бейімдейді. Сондай-ақ платформаның ерекшеліктерін ескере отырып, Weibo, WeChat сияқты әлеуметтік желілерде шығармашылық материалдарды әзірлеуді жүзеге асырады. Айына мұндай мақала немес пост кемінде 2 рет шығуы тиіс.

«Өнім беруші кем дегенде 3 миллион адамды қамтуды қамтамасыз ете отырып, танымал әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен жарияланымдарды ілгерілету жұмыстарын жүргізеді»,– делінген құжатта.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ компаниясы дәл осылайша елдегі әлеуметтік желілерде парақша ашып, оны жүргізуге 32 млн теңге жұмсауды көздеп отыр.

Мұндай компания кемінде 2 млн адамды қамти отырып, танымал әлеуметтік желілерде аккаунттар жүргізу арқылы Қазақстанның туристік мүмкіндіктеріне халықтың қызығушылығын арттыруы тиіс.

Аккаунттарды жүргізу және ілгерілету Instagram, Facebook, Tiktok сияқты әлеуметтік желілерде жүзеге асырылады.

«Instagram әлеуметтік желісінде @travel.kazakhstan, Facebook әлеуметтік желісінде Kazakhstan travel ресми аккаунттарын ағылшын тілінде және TikTok әлеуметтік желісінде @travel.kazakhstan ресми аккаунтын қазақ және орыс тілдерінде жүргізуді қаматамасыз етуі тиіс»,- делінген құжатта.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық Палата «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ-ның қазақстандық туризмді ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын тексеріп, компания жұмысынан біраз олқылықтар анықтаған.

Жалпы алғанда, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 558,6 млн. теңге болатын бұзушылықтар мен кемшіліктер анықтаған. Оның ішінде:

  • 919,4 млн теңге сомасына активтерді тиімсіз пайдалану;
  • 546,9 млн теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;
  • қызметтердің құнын арттыру – 76,7 млн теңге;
  • орындалмаған жұмыс, қызмет көрсету көлемі – 11,3 млн теңге;
  • негізсіз төленген жалақы-4,3 млн теңге;

Аудит барысында бюджетке 88 млн теңге өтелді, кәсіпорынның кірісіне 1,3 млн теңге қалпына келтірілді, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін, ҚР Туризм және спорт министрлігінің вице-министріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1 бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылған.

Кейін компания ЖАП-тың қорытындыларына қатысты пікір білдірді. «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ бюджет қаражатын ұрлау және ысырап ету фактілері жоқ екенін мәлімдеді.

Бір қызығы сол кездегі компания мәлімдемесінде елдегі туристік аймақтардың атын шығару жолында бірқатар әлеуметтік желілерге жүгінудің пайдаға аспайтындығы айтылған. Мысалы, компанияға сенсек, Қытайдың әлеуметтік желілері – тиімсіз, себебі Wiebo және Wechat аккаунттары эпизодтық түрде (2020-2021 жылдары) жүргізілген. Компания елді таныту – Қазақстандағы бюджеттік жоспарлау мен сатып алу рәсімдерінің ерекшеліктеріне тікелей байланысты екенін, жобаларды үздіксіз жүргізу үшін үздіксіз қаржыландыру қажетін алға тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз