Ірі сатып алушылардан сұраныс азайған. Ферроқорытпа экспорты бір жылда екі есе төмендеді
Ферроқорытпа экспорты бір жылда екі есе, бір айда үш есе азайды. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сілтеп хабарлады.
«Қаңтар айында шетелге 50,1 мың тонна ферроқорытпа сатылды. Бір жылда көрсеткіш екі есеге, бір айда үш есеге азайды. Осылай, ол кем дегенде 2021 жыл басынан бастап минимумға жетті. Сонымен қатар қазіргі нәтиже талап етілетін нормадан 2,6 есе аз – 131,4 мың тонна (кейінгі үш жылдағы орташа көрсеткіш)», – делінген хабарламада.
Бір қызығы, мұндай ауқымды құлдыраудың өндіріске қатысы жоқ. Қаңтарда өндіріс көлемі жоғары деңгейде болды – 181,4 мың тонна.
«Мұның себебі – ірі сатып алушылар тарапынан сұраныстың азаюы. Қазақстанның ферроқорытпа экспортының 60%-ға жуығы дәстүрлі түрде Қытай мен Жапонияға тиесілі. Қаңтар осы бағыттар бойынша жөнелтілген өте төмен көлемдерімен ерекшеленді – Қытайға 21,9 мың тонна, Жапонияға 4,3 мың тонна кетті», – делінген хабарламада.
Ферроқорытпа Қазақстан экспорттайтын үздік 10 тауардың қатарында кіреді. Қаңтар айындағы ферроқорытпаларды шетелге сатудан түскен табыс 63,2 млн доллар ғана болды.
Бұған дейін Қазақстанның бидайын шет мемлекеттер аз сатып ала бастағанын жазған едік.
Қазақстан биыл қаңтарда шетелге 104,4 миллион долларға бидай мен меслин сатты. Бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 44%-ға төмен. 2022 жылғы қаңтарда да экспорттың төмен болғаны байқалады – -41%. Бірақ тарихта бидай экспорты бұлай төмендеп көрмеген деуге келмейді. Бұдан да төмен көрсеткіштер болған.
Физикалық тұрғыдан алғанда, экспорт та айтарлықтай төмендеді: биыл бұл көрсеткіш 490 мың тонна болса, 2023 жылғы қаңтардан 22% аз, ал 2022 жылғы қаңтардан 19% төмен.
Нақты елдер бойынша азырақ көлем, мысалы, Өзбекстанға (249,2 мың тонна, 20% аз), Ауғанстанға (23,4 мың тонна, -68%) кетті. Кейбір елдер қаңтарда сатып алу көлемін ұлғайтты: мысалы, Тәжікстан былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда сатып алу көлемін 53%-ға ұлғайып, 80 мың тонна сатып алды.
Айта кетейік, Қазақстан мен ЕАЭО арасындағы импорт көлемі 2,8%-ға қысқарған болатын.
Қазақстан мен ЕАЭО арасында экспорт ұлғайып, импорт азайды. Аталған ұйым елдеріне экспорт 9,5%-ға өсті. Ал импорт керісінше, 9,3%-ға кеміді.
2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында тауар экспорты 11 054,1 млн доллар немесе + 9,5%. Ал импорт 17 463,7 млн доллар немесе – 9,3% деңгейінде қалыптасты.