Жоғарғы сот Бишімбаев сот отырысының онлайн-трансляциясын ұйымдастырады
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысының онлайн-трансляциясы ұйымдастырылады. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлады.
Жоғарғы соттың ақпаратына сүйенсек, бұл сот процесіне деген қоғамның жоғары қызығушылығы әсерінен болып отырғанын айтады.
«Қ. Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қоғамның жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды», – делінген сот хабарламасында.
Бұдан бөлек, ашық режимдегі сот отырыстары алқабилерді іріктеуден кейін өтетіні туралы хабарлады.
Бишімбаевтың соты
Астана соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 наурызда Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша алқабилерді іріктеу жабық режимде өтетінін жазған едік. Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы) алқабилер алқасы қалыптастырылады. Іріктеу алқабилердің жеке басын жария етпеу үшін жабық сот отырысында өтеді.
11 наурызда өткен алғашқы сот отырысында Бишімбаев «айыпты мойындамаймын» деп айтқан болатын. Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталған. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.
Бишімбаев ісі
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды.
Айта кетейік, күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.
Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті.