ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр
Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынына байланысты жедел желілер іске қосылды. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте құтқарушылар әкімдіктермен бірігіп, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорған. Ал су көтерілген жерлерге үш мыңнан астам құм салынған қап төселген.
«Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге құтқарушыларға 52859, 20982 әскери бөлімдерінің сарбаздары көмекке келген. Олар су басу қаупі жоғары Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында су тазалаумен айналысып жатыр.
Аталған өңірлерде бірталай тұрғын үйлерді су басқан. Ол үйлерден 94 адам эвакуацияланған. Оның 83-і Ақтөбе облысынан, 11-і Қостанай облысынан эвакуацияланып, жақын маңдағы қауіпсіз елдімекендерге орналастырылған. Сонымен бірге құтқарушылар Қостанай облысының Екінді, Қызыл Жұлдыз ауылдарының тұрғындарын эвакуациялап жатыр.
ТЖМ хабарлауынша Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында еріген қар суын сору жұмыстарымен бірге құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Су басқан өңірлерде «жедел желі» телефондары іске қосылған. Сондай-ақ Астана, Ақтөбе, Абай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарында республикалық және облыстық жедел штабтары ашылған.
Су басқан өңір халқының наразылығы
Еске сала кетсек, 26 наурыз күні Астана маңындағы Қоянды ауылын су басып, үйлеріне су кірген ауыл тұрғындары нарызылыққа шығып, өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті.
«Курсив» Жетісу, Абай, Қызылорда, Алматы облыстарын еріген қар суы басқанын жазды. Абай облысыны, Семей қаласы тұрғындарының хабарлауынша, қар қыстай дұрыс күрелмеген. Салдарынан қаланың Красина, Садовая және Менжинский көшелерінде су қаптаған. Онда да қала тұрғындары мәселе шешілмеген соң, видеоүндеу жариялап, әкімнен көмек сұраған.
Сонымен бірге ТЖМ Жетісу облысында Бескөл станциясының жеке тұрғын үйлерін су басқанын хабарлады.
Ауа температурасының көтерілуі мен еріген қар суынан Қонаев қаласы маңындағы Қосқұдық ауылын да су басқан.
Ал Қызылорда облысында ағынды су «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының учаскелерінде тас жол төсемін шайып кеткен.
Сонымен бірге ТЖМ Атырау облысында бірнеше ауылды су басу қаупі жоғары екенін айтты. Атырау облысының Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарын су басу қаупі бар екенін мәлімдеді.
Ал ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов ақпан-наурызда Қазақстанның 12 облысында су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты. 2023 жылдың желтоқсан айында жауған жауын-шашынның көп мөлшері су басуға себеп болуы мүмкін.
Бұған дейін «Қазгидромет» 2024 жылы су тасқыны ең көп болатын аймақтар тізімін жариялаған еді.
«NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттерін түсірген. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еліміздің 72%-і қар жамылған. «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалады:
Қатер жоғары өңірлер:
Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.
Қатер орташа аймақтар:
Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.
Қатер төмен өңір:
Маңғыстау облысы.