Әкімдікке дейін дейін су басқан: Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Жарияланды
сөгіс
Орал қаласының басшысы су тасқынына дайын болмағаны үшін сөгіс алды / Коллаж: kursiv.media

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан
Сатқановқа
қатаң сөгіс жариялады. Бұл жайлы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс басшысы тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізген. Сонда жергілікті атқарушы органның су тасқыны кезіндегі жұмысына көңілі толмаған Төреғалиев әкімдігіне дейін су басып кеткен шаһар басшысына сөгіс жариялаған.

«Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кешелі бері қаланы аралап жүрмін. Кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңдар», – деп ескертті облыс басшысы.

Төреғалиев әкімнің екі орынбасарларына да сөгіс жариялап, шаруаны шеше алмайтын болса жұмысын босатуды, орнына жұмыс істей алатын адам алатынын ескертті. Әкімнің айтуынша қалада су соратын мотопомпалар жоқ. Әкім шенеуніктерге 1 ай уақыт берді.

Аягөз ауданында жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жарияланды

Ал Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді-мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Осындай қауіптің алдын алу мақсатында полиция департаментінің қызметкерлері шектеу белгілерін қойып, кезекшілік ұйымдастырған.

Халықтың Аягөз өзені арқылы өтуі үшін ТЖД қызметкерлері жұмылыдырылған. Олар тұрғындарды жағалауға жүзу құралдарының көмегімен өткізіп жатыр.

Еске сала кетсек, ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Ал 26 наурыз күні Астана маңындағы Қоянды ауылын су басып, үйлеріне су кірген тұрғындар нарызылыққа шығып, өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз