Үкімет те, әкімдіктер де су тасқынына дайын емес – депутат

Жарияланды
су тасқынына
Су тасқынына байланысты кей өңірлерде жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жарияланды / Фото: ТЖМ

Депутат Сергей Понамарев Мәжілісте Үкіметтің де, әкімдіктердің де су тасқынына дайын болмағанын айтты.

«Бүгінде Қазақстан тасыған су астында қалып, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары зардап шегіп отыр. Астана іргесіндегі Қоянды ауылында үйлерді су басты. Қостанай облысында жыл сайын бірнеше ауылды су басады. Кейбір жерлерде мектептерді су алып кетті. Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Қатонқарағай және Алтай аймақтарында қардың биіктігі 2 метрге жетеді», – дейді депутат.

Пономарев қар қалың жауатын өңірлерде өзендер еріген қар суын сыйдыра алмай көбінде арнасынан шығып жататынын, салдарынанын жергілікті халық жыл сайын жапа шегетінін айтады.

«Әріптесім Тұмашинов осыдан үш апта бұрын өзінің депутаттық сауалында бұл туралы ескерткен болатын. Бірақ бүгін біз үкіметтің те, әкімдіктердің де келеңсіздіктердің алдын алуға дайын емес екенін көрдік. Осы сағатта 217 елдімекенді, яғни 86 мыңнан астам үйді су басу қаупі бар. Бір үйді су басса, бұл – үлкен қайғы. Дәл сондай қиындықтарға елдің миллионға жуық адамы тап болуы мүмкін», – дейді депутат.

Депутат елдегі су тасқыны жағдайын гидротехникалық құрылыс жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіні қиындатып жібергенін айтты. Ал елдегі мұндай құрылыстардың жағдайы сын көтермейді.

«Гидротехникалық құрылыстар тұрақты бақылауды, техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді және ең бастысы жаңартуды қажет етеді. Айта кетейін, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша республика бойынша 537 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді, оның 8-і иесіз. 200-ден астам бөгеттердің төлқұжаты жоқ және олардың техникалық қауіпсіздік деңгейі анықталмаған», – дейді депутат.

Осыған орай депутат өз сауалында Су шаруашылығы және ирригация министрлігіне апатты жағдайдағы объектілердің санын жылдан-жылға көбейтпей, керісінше азайып отыратындай жаңғырту және жөндеу жоспарын әзірлеуді ұсынды.

«Су шаруашылығы және ирригация министрлігі гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдету механизмін іске қосуы керек. Су қоймалары мен қолданыстағы бөгеттерді техникалық паспорттармен қамтамасыз етіп, Қаржы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар апатты жағдайдағы объектілерге қаражат бөлу кезінде жоғарыда аталған жобаларды бірінші кезекте қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі апатқа ұшыраған адамдарды құтқару және оларға көмек көрсету бойынша барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етуі қажет», – деді депутат.

Өңірлердегі жағдай қандай?

Фото: ТЖМ

Расында үкімет те, әкімдіктер де табиғат апатына дайын болмай шықты. Үкіметте көктемгі су тасқынына бір жыл бұрын дайындық жүргізілгеніне қарамастан, көптеген елдімекен халқы тасыған судан зиян шегіп жатыр.

Мәселен, 26 наурыз күні кеште Астана маңындағы Қоянды ауылын су басып, үйлеріне су кірген тұрғындар нарызылыққа шығып, өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті. Тек содан кейін ғана билік әрекет етіп, аулаларды судан тазалауға көшті.

Мұндай қиындықтарға Батыс Қазақстан облысының халқы да тап болды. Тіпті Орал қаласында әкімдік ғимаратын да су басқан. Әкімдіктер су тасқынына дайын болмай шыққан. Сол үшін де облыс басшысы Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, Аңқаты ауылында жауын-шашынның мол түсуі және дала аймағында еріген қардың суына байланысты 16 тұрғын үйге су кіріп, сондай-ақ, 8 аула аумағын су алып кетті. Қазіргі уақытта 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылған.

Ал Ақтөбе облысында су тасқынына байланысты Ақтөбе әуежайы уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. 

ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты әр өңірде жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз