Маркетплейс сатушыларына фулфилмент тиімді ме?
Маркетплейсте сататын селлерлер фулфилментті қолданады. Бұл тапсырысты өңдеп жеткізіп, тауарды сақтайтын қызмет түрі. Фулфилмент деген не? Оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Оператор таңдағанда не нәрсені ескеру керек? Осы туралы айтамыз.
Айтқандай, фулфилмент деп тапсырысты қабылдағаннан бастап жеткізуге дейін тауарларды сақтауды қамтамасыз ететін сервисті айтамыз. Былай елестетіп көріңіз: клиент маркетплейс арқылы тапсырыс жасады. Сол тапсырыс қабылданған сәттен бастап оның діттеген жерге жетуіне дейінгі жолды осы фулфилмент қамтиды. Әрі қоймада тауардың сақталуы, қапталуы, жиналуы, маркерленуі де — сервистің ішінде. Егер сатушының жеке қоймасы, жеткізу қызметі, тапсырысты өңдеп, қабылдап отыратын компаниясы болса, онда фулфилментке жүгінбей, өзі дөңгелетіп әкете алады. Ал ондай болса, сервис қолдануға тура келеді. Кейде сервисті ішінара қолданатындар болады. Мысалы, тапсырысты қабылдап, өңдеу, қаптауды өзі жасайды да, жеткізетін кезде компанияға жүгінеді дегендей. Қазір маркетплейс те, онда отыратын клиент те өте көп. Сәт сайын түрлі операция жүріп жатады. Бәрін фулфилменттің мойнына іліп қойып, ісін жүргізетіндер аз емес.
Фулфилмент түрлері мен кезеңдері
Алдымен фулфилменттің қазіргі уақытта белгілі түрлеріне тоқталайық. Олардың саны үшеу:
- By operator (FBO). Мұнда барлық қызметті оператор іске асырады. Оны маркетплейс өзі атқаруы мүмкін. Сатушыға бар болғаны тауарды маркетплейс қоймасына апарып тастау керек. Ал одан кейінгі шаруаның бәрін оператор жасайды. Яғни сатушы тапсырыс қабылдау, қаптау, өңдеу, жеткізумен бас қатырмайды. Сауда алаңы мұны сіздің орныңызға өзі істейді.
- By seller (FBS). Жауапкершілікті өзара бөліп алатын тәсіл. Тапсырысты өңдеу, маркетплейстің қоймасына тауарды жеткізу сынды шаруаны сатушы өзі істейді де, жеткізуді оператор мойнына алады.
- Delivery by seller (DBS). Бұл схемада тапсырысты рәсімдеуден бастап жеткізуге дейінгі жауапкершілік түгелдей сатушыда болады. Маркетплейс бар болғаны тауарларды салып қоятын сөре рөлінде. Сатушы өзі жеткізе ме, логистикалық компанияларды тарта ма — өзі шешеді.
Ал енді фулфилмент кезеңдері қандай болатынына тоқталайық:
- Тауарды сақтау;
- Тапсырысты қабылдау және өңдеу;
- Тапсырысты комплектациялап, қаптау;
- Сатып алушыдан төлем қабылдау;
- Жеткізу;
- Кері қайтарған жағдайда жұмыс істеу.
Операторды қалай таңдау керек?
Маркетплейстерге арналған фулфилмент дегенде осы қызметтерді атқарумен айналысатын компанияларды айтамыз. Қазір бұл сала қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан нарықта бәсеке жоғары. Сұраныс көп. Мысалы, іздеу жүйелеріне «фулфилмент Қазақстан» деп жазсаңыз, неше түрлі ұсыныс шығады. Осы ретте операторлардың ұсынатын қызметін жаза кетейік.
- Оператор-компаниялар қызметті бастан-аяқ жасап беруі мүмкін. Мысалы сатушы әлдебір компаниямен одан тауар сатып алу туралы келісімшарт жасасады. Бірақ ол өзі ол кезде басқа жақта жүруі мүмкін. Сондықтан өзі жоқта шаруаны қолға алатын фулфилментпен келіседі. Олар болса, жеткізушіден тауарды алып кетеді, брак бар-жоғын тексеріп, түгендейді, маркетплейс талаптарына сай қаптайды да, FBO жүйесі бойынша маркетплейске апарып береді. Ал енді FBS жүйесімен жұмыс істесе, тауарды өздерінде ұстап, тапсырыс түскен кезде оны қабылдайтын бөлімшелерге апарып тастайды. Тіпті кей компанялар тауарларға фотосессия жасайтын қызметті де ұсынып жатады. Яғни мұндай кезде сіз үшін бәрін басқалар істейді.
- FBS жүйесі бойынша сақтауға қатысты толыққанды қызмет түрлерін ұсынатындар бар.
- Енді бірі тек FBO жүйесі бойынша жұмыс істейді.
- Жеткізушілерден тауарды алып кетпейтіндер болады. Ондай кезде операторлар жүкті қоймаға өздері апарып береді.
- Сатушыларға тауарды таңдауға да, жеткізуге де көмектесетіндер бар. Бұл қызмет қазір өте танымал. Селлер сенімді адамдар арқылы тауарға тапсырыс береді. Олар болса, өз тарапынан кепілдік береді. Өйткені олардың байерлері бар.
Фулфилмент қызметін қалай қолдану керек?
Мұндай фулфилмент қызметінің тегін емесі белгілі. Яғни оларға сатылатын тауарға қосымша құн қосады. Ендеше, мына нәрселерге назар аударыңыз:
- Біріншіден, фулфилменттің қандай кезеңдерінде өзіңіз жүруіңіз керек болады. Соны анықтап алыңыз. Егер FBS-пен сатқыңыз келсе, онда фулфилмен тауарды сақтайтын және тапсырыстарды өңдейтін қызметтерді көрсетуі керек. Ал енді FBO арқылы тиейтін болса, онда бағасы жағынан қалтаңызға сай, тиімді фулфилмент табу керек.
- Екіншіден, юнит-экономиканы есте ұстаңыз. Яғни фулфилментке кететін шығынды ескеруіңіз керек. Әйтпесе, минусқа кіресіз. Фулфилмент ақшасы абоненттік төлем не жазылымнан құралмайды. Оны әр кезең сайын төлеп отырасыз. Яғни А нүктесін В нүктесіне жеткізгенде, тауарды қаптағанда, маркерлегенде, сынуы мүмкін зат болса қосымша орағанда төлеу керек. Демек, фулфилментті пайдаланған кезде сатушыда тауардың таза құнынан бөлек, осы шығын да қосылады. Одан қашып құтыла алмайсыз. Айналым көбейген сайын қойма процесі мен логистикаға кететін шығын да өсе береді. Сондықтан сізге қайсысы тиімді екенін жақсылап ойланыыз. Дайын фулфилмент дұрыс па, әлде логистика мен қойманы өзіңіз реттеген оңай ма?
- Фулфилмент-компаниялардың алпауыт түрлеріне тауардың айналымы туралы толық ақпарат болады. Яғни оларда қойма жүйесінің көмегімен есеп жүргізіледі. Оған барлық контрагетті кіргізеді. Сөйтіп селлерге жүйеден жеке кабинет ашылады. Ол жерге сатушы тауарларды салады да, өткен сайын әлі қанша қалғанын, номенклатуралық сипаттамасын көріп отырады. Әрине, қолайлысына қолайлы. Бірақ қосымша шығындары барын ұмытпау керек. Дүкенге менеджер бекітіледі. Десе де, практикада мұндай операторлар тауарды өткізуге аса құштар болмайды деседі. Қосымша сұрақтың бәріне жауап беріп отыруға құлықсыз болғандықтан, селлердің беделіне нұқсан келуі де мүмкін.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Фулфилменттің кемшілігі — тауар бағасына қосылатын қосымша құны. Ыңғайлы болсын десеңіз, онда төлеу керек болады. Бірақ жеке өзіңіз айналысатын болсаңыз, бұл шығын еселеп көп кетіп қалуы да мүмкін. Себебі астында көлігі, иелігінде қоймасы жоқ адамдарға қиын болады. Бәрін жалға алып жүргенде сол ақша шығып кетуі мүмкін.
Ал енді артықшылығына келсек, фулфилментте басқа мәселелермен айналысуға сізде мүмкіндік молырақ болады. Өйткені сіз жоқ жерде де жұмыс қыза береді. Мысалы этикетка шығаратын термопринтер алып, оны шығарып, қаптап отыру сияқты ұсақ-ұсақ шаруаларды фулфилмент бастан-аяқ өзі істейді. Шаруаларды осындай компанияларға тапсырған кезде логистикадан да ұтасыз. Себебі олар бірнеше сатушының тапсырысын жинап, бір жеткізеді. Сонда бағасы да аздау шығады.
Мұндай қызмет түрін қолданасыз ба, жоқ па — өзіңіз шешесіз. Бәрі өзіңіздің жағдайыңызға байланысты. Мысалы, ақша бар, уақыт жоқ болса — онда нағыз сізге арналған тәсіл. Ал енді уақыты да, мүмкіндігі де бар адамға логистиканы да, қаптау мен сақтауды да өзі жүргізе берген абзал. Тіпті қатты қарқын алып кеткен алпауыт селлерлер уақыт өте келе өз фулфилмент компаниясын ашып, ісін дөңгелетуі мүмкін. Мұның жақсы жағы сол — тауарларына кететін шығын азайып, таза құны да арзандап, сол арқылы өтімді бола түседі. Себебі кімде болсын, бағасы арзандау болып тұрған сатушыдан алуға ұмтылады емес пе?! Кей фулфилмент компаниялар тауарларда ақау бар ма, жоқ па деп тексеретін процедураны алып тастап, маркетплейс талаптарына сай қаптап жібере береді. Есесіне, қызмет құны арзандайды. Сондықтан қалай, не істеу керегін сатушы өзі шешеді. Бастысы, таңдаған кезде барлық тәуекелді ескеру ғана.