«Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционеріне 23 млрд теңге дивиденд төлейді
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» өз акционері – «Қазақстан Даму Банкіне» 23 млрд теңге дивиденд төлемек. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (Астана) 2024 жылдың 13 маусымына дейін өзінің жай акциялары бойынша 2023 жылға жалпы сомасы 23 567 494 468,76 теңгеге бір акцияға 18 794,90 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеу ниеті туралы KASE-ге хабарлады», – делінген хабарламада.
Бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері 18 мың теңгені құрайды. Дивиденд 2024 жылдың маусым айында төленбек.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг» АҚ негізінде құрылған.
Ол «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталмыш қор 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының операторы болды. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталған еді. Алайда қазіргі кезде автонесие қаражаты қоғамдық көлік алуға жұмсалып жатыр.
Ақпан айында қор өз акционерінен 11,1 млрд теңге қосымша қаржы тартты. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 5500 акциясын шығарып, әр акциясының құны – 2 млн теңге болды.
KASE-дегі хабарламаға сәйкес, олардың бәрін жалғыз акционер – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) сатып алған.
Былтыр қыркүйек айында да қор KASE-ге 20 млрд теңге болатын акцияларын орналастыратынын хабарлады. Ол кезде де бір акцияның бағасы 2 млн теңге болған.
Қордың жарияланған қарапайым акцияларының саны – 1 млн 436 мың 430 дана, орналастырылғаны – 1 млн 236 мың 430 еді.