«1 сәуірден электр энергиясы саласында коллапс орнайды»: Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы неге дабыл қағып отыр?
Энергиямен жабықтаушы ұйымдар қауымдастығы еліміздің электр энергиясы саласында коллапс орын алады деп дабыл қағып отыр. Оған себеп – 2024 жылдың 1 сәуірінен энергиямен жабықтаушы компаниялардың қызметіне тыйым салынбақ.
Қауымдастық өкілдері қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының үлкен секторы – электрмен жабдықтау секторына монополия орнату әрекеті жүріп жатқанын айтады. Электрмен жабдықтау секторы электр энегиясын жеткізу саласымен біріктірілмек.
Аталмыш сектордың жылдық айналымы орта есеппен 1,5 трлн теңгені құрайды. Бұл компаниялардың қызметін бүкіл ел тұтынады. Олардың қызметіне тыйым салынса, бүкіл ел жарықсыз қалмақ.
Қауымдастық құрамындағы компаниялар бұл бір қайнауы кем шешім екенін айтады. Өйткені бұл ұсынысты нарық өкілдері жан-жақты талқыланбаған. Енді олардың лицензиясын алып, қызметін тоқтатпақ.
«Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» уәкілетті органдарға осы түйкілдерді жеткізген. Алайда құзырлы орындар бұл мәселеге көңіл аудармай, коллапс алдын алуға әрекет жасамай отырған көрінеді.
Осы және басқа да факторларды ескере отырып, «Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы» Қазақстан Республикасы Президентінің атына ашық хат жолдап, осы мәселені шешуге және бизнесті банкроттық, саланы монополизациядан сақтауға көмек көрсетуді сұрады.
Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы мына секторлардан тұрады:
- электр энергиясын өндіру;
- электр энергиясын жеткізу;
- электр энергиясымен жабдықтау;
- электр энергиясын тұтыну;
- электр энергетикасы саласындағы басқа да қызмет.
Электр энергиясымен қамтамасыз ету «жеткізу» және «жабдықтау болып» 2004 жылы екі салаға бөлінген.
Электр энергиясын жеткізу секторына электр желілері қосалқы станциялар, таратушы құрылғылар және электр энергиясын жеткізу және (немесе) таратуға арналған, оларды қосушы 0,4-1150 кВ кернеулі электр жеткізу желілерінің жиынтығы жатады.
Ал электрмен жабдықтау секторы электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан және нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу, оны түпкілікті бөлшек тұтынушыларға сататын ұйымдардан (ЭЖҰ) тұрады.
Ел үкіметі 2028 жылға қарай энергетика саласында қолданылатын құрал-жабдықтардың жалпы қосылған құнын 4,5 есе арттыруды жоспарлап отыр.