Қазақстандықтардың тұтынушылық сенімділігі үшінші ай қатарынан төмендеп отыр
Ақпан айында Қазақстандағы тұтынушылық сенімділік индексі үшінші ай қатарынан төмендеген. Қазақстандықтардың көпшілігі ақпан айында ірі сауда-саттық жасап, шығын шығару тиімсіз екенін айтқан. Бұл туралы Freedom Finance Global зерттеуінен белгілі болды.
Сонымен қатар бір жылда экономикалық жағдайда өзгерістер болады-ау деп үміттенетін қазақстандар көрсеткіші төмендеген. Бірақ та алдағы жылы өзгеріп қалады деген сенім білдірушілер үлесі 54,1%. Жеке материалдық жағдайының жақсаруын күтетіндер саны ақпан айында азайған. Тек жастарға ғана оптимистік көңіл-күй танытып, көрсеткіштері 66-дан 70%-ға дейін өсті. Ал жыл ішінде жағдайым жақсарып қалар дейтіндер қаңтардағы көрсеткіштен де төмендеп кеткен. Ал өңірлер ішінде Шымкент қаласында өзгеріс бар. Бірақ Қызылорда облысы көшбасшылықты бермей келеді.
Азық-түлік бағасы мен доллар бағамына мән беретіндер
Ақпан айында бағалардың өскенін байқаған тұрғындар үлесі 47,1% болды. Ал бір жыл ішінде бағаның өсу жылдамдығын жіті байқағыштар көрсеткіші 58,3-тен 60,1%-ға дейін өсіп, алдыңғы жақсы көрсеткіштерді жойып жіберді.
Қазақстандықтарды ет, құс еті, сүт және сүт өнімдері, нан және нан-тоқаш өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер сияқты азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы қатты алаңдатады.
Ақпан айында теңге долларға қарағанда тек 0,3%-ға әлсіреді. Нәтижесінде бір жыл деңгейінде теңгенің әлсіреуін күтіп жүрген қазақстандықтардың үлесі 47,6-дан 50,5%-ға дейін, ал бір ай деңгейінде 27,1-ден 29,3%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ кредит алу үшін қолайсыз уақыт деп санайтын қазақстандықтардың үлесі 49,5-тен 51,8%-ға дейін өсті. Ал ақша үнемдеу керек дейтіндер саны, керісінше азайды, 35,8-ден 32,4%-ға дейін. Егер қаңтар айында тұрғындардың 39,1%-ы жұмыссыздықтың өскенін күткен болса, ақпан айында олардың үлесі 41%-ды құрады.
Freedom Finance Global компаниясының талдаушысы Данияр Оразбаев:
«Орталық Азиядағы төрт ел халқының тұтынушылық сенімділігін зерттеудің сегізінші толқыны пессимизмнің айтарлықтай өскенін көрсетті. Рас, ол барлық төрт мемлекетте оң аймақта одан әрі қалуда, ал Қазақстаннан басқа барлық елде оң жауаптардың үлесі респонденттердің теріс жауаптарының үлесінен айтарлықтай асып түседі. Бұл жаппай құлдырау бір реттік немесе жаңа трендтің басталуы екені зерттеудің келесі толқындарында белгілі болады. Қаңтар айында күрт төмендеген инфляциялық күтулер мен сезімдерге келетін болсақ, Орталық Азия тұрғындары өз пікірлерін өзгерткен жоқ. Рас, әртүрлі елдерде жекелеген тауарлар мен көрсетілетін қызметтер халық арасында үлкен алаңдаушылық туғызады. Мысалы, Қазақстанда бұл ТКШ қызметтері, ал Өзбекстанда отын мен ЖЖМ болып табылады. Мемлекет пен бизнестің белгілі бір тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ азық-түлікке қатысты нүктелік жұмысы өңір тұрғындарының тұтынушылық сенімділігін едәуір жақсарта алады», – дейді.
Талдау жүргізілген елдердегі халық санына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстанда ай сайын 3 600 сауалнама, Қырғызстанда 1600, Тәжікстанда 1200 сауалнама жиналады. Біздің елде зерттеу 2022 жылғы қыркүйектен бастап, ал қалған Орталық Азия мемлекеттерінде 2023 жылғы шілдеден бастап жүргізілуде.