Елімізде су тасқынына байланысты 4 республикалық жолда қозғалыс шектелді

Жарияланды
паводки
Елімізде су тасқынына байланысты 4 республикалық жолда қозғалыс шектелді / Қорғаныс министрлігі

ҚазАвтоЖол республикалық жолдардағы қозғалысты шектеу туралы шұғыл ақпарат таратты.

1. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 20:30 шамасында еріген судың көп мөлшерінен және көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» республикалық авто жолының 707-шақырымынан 941-шақырымына (Аягөз қаласынан Боғаз ауылына) дейінгі аралықта барлық көлік құралының түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

2. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 20:50 шамасында көпірге қарай жолдың ішінара бұзылуына байланысты «Самара-Шымкент» автожолының 965-шақырымынан 1240-шақырымына дейінгі аралықта барлық көлік құралының түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді (Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейін).

3. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 21:00 шамасында Ақтөбе облысына көлік қозғалысының жабылуына байланысты Қызылорда облысында «Самара-Шымкент» автожолының 1240-шақырымынан 1357-шақырымға дейінгі аралықта көлік құралының барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды (Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін).

4. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 21:00 шамасында Қарағанды облысында еріген судың шамадан тыс көп болуына және көліктің қауіпсіз қозғалысына қауіп төнуіне байланысты «Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» автожолының 147-шақырымнан 166-шақырымға дейінгі аралықта көлік құралының барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды (Алғабас ауылынан Ақмешітке дейінгі учаске).

Еске салайық, еліміздің өңірлерін су басып жатыр. Су басқан елдімекендерден 400 астам адам эвакуацияланды.

«Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының су басқан елдімекендерінен 412 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 134 бала бар», – делінген ТЖМ хабарламасында

Құтқарушылар мен әкімдік өкілдерінің күшімен 122 мыңнан астам текше метр еріген су сорылды. 24 мыңнан астам қап және 47 670 тонна инертті материал төселді.

Оралда көшелерді су басып, қала әкімі Миржан Сатқанов жергілікті төтенше жағдай жариялады

«Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанованың 2024 жылғы 26 наурыздағы қаулысы бойынша, қалада жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды еріген жаңбыр суы басты. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

 Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді-мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз