Егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі – Бектенов су тасқынына кінәлілер анықталатынын айтты
Су тасқынына кінәлі лауазымды тұлғалар тексеріледі. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов өңірлердегі су тасқынына байланысты ТЖМ-мен өткізген жиналыс барысында айтты.
«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр»,- деді Олжас Бектенов.
Жиында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді. Айтуынша су ьасқан өңірлерде құтқарушылар әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн текше метрден астам ағын судан тазартқан, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселген. Жалпы апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы жұмылдырылған.
Министрлің есеьін тыңдаған үкімет басшысы Солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін ескертіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайын тексеруді табыстады. Сонымен бірге еліміздің барлық өңіріндегі жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.
Өңірлердегі жағдай
Негзінен бұл су тасқынының алдын алуға Үкімет Әлихан Смайыловтың тұсында кіріскен. Өткен жылдың тамыз айында бұрынғы үкімет басшысы үкімет сағатында «су тасқыны қателіктерді кешірмейтінін» айтып, барлық су тасқынына қарсы шараларды қыс түскенше аяқтауды тапсырған еді.
«Су тасқыны қателіктерді кешірмейді, орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Мүдделі мемлекеттік органдар осы жылдың соңына дейін жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауда ұстауы қажет», – деген болатын Әлихан Смайылов.
Еске сала кетсек, күн жылынғалы бері, Қазақстанның қар қалың түскен аумақтарын су басты. Әр өңірде қарғын судан зардап шеккен үйлер саны артып келеді. Осы орайда бірқатар өңірлерле төтенше жағдай жарияланды.
Бүгін Батыс Қазақстан облысында 455 үйді қарғын су басып қалған. Құтқарушылар тұрғындарды қайық және тікұшақпен эвакуациялап жатыр.
Ал 27 наурызда Орал көшелерін қарғын су басып қалған соң, қала әкімі Миржан Сатқанов төтенше жағдай жариялады. Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандар су астында қалған. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.
Абай облысының Аягөз ауданында да төтенше жағдай енгізілді. Аягөз ауданындағы «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, көпірдің жол төсемін шайып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кеткен.
28 наурызда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді. Құтқарушылар Жангелдин және Амангелді аудандарында 45 адамды құтқарған.
Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай мәз емес. Қарғалы өзіне тасып, жағалай салынған үйлерді су басып қалған. Сондықтан бұл ауданда да төтенше жағдай енгізілді.
Бұған дейін ҚазАвтожол еліміздің 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылғанын хабарлады.