Визасыз режим: Қазақстанға келген қытайлықтардан гөрі Қытайға барған қазақстандықтар саны басым

Жарияланды
Қытаймен визасыз режим
Қытаймен визасыз режим енгізілген 10 қарашадан бері Қазақстанға 126 мың қытайлық азамат кірген / Фото: kursiv.media

Қытаймен арада визасыз режим енгізілгелі бері Қытайға 173 мың қазақстандық барған. ал Қытайдан Қазақстанға 126 мың шетел азаматы кірген. Бұл жайлы Қазақстан Сыртқы істер министрлгің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, Қытаймен визасыз режим енгіземіз деген кезде халық шулап, «қытай жаулап алады», «еліміздің қауіпсіздігіне қауіп төнеді», «мемлекет қайда қарап отыр?» деген ұрандар көп айтылды. Соған орай айта кетейін, өткен жылдың 10 қарашасында күшіне енген визасыз режим туралы келісім біраз өзінің нәтижесін берді. Статистикаға сүйенсек, 10 қарашадан бері Қазақастанға 126 мың Қытай азаматтары кірген. Ал егер біздің азаматтарымыздың санына қарайтын болсақ, визасыз режим күшіне енгелі бері 173 мың қазақстандық Қытайға барған», – деді ол.

Смадияров өзінің екі күн бұрын Қытайдан келгенін, ұшақ толы қазақстандықтар екенін айтты. Бірі жәй саяхаттап барса, енді бірі оқу іздеп барған. Айтуынша, бұл мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Визасыз режим

Еске сала кетсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді. Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Сондай-ақ азаматтар екі мемлекет аумағында күнтізбелік 30 күннен аспайтын кезеңге келе алады. Ал 180 күн ішінде бір елде болу уақытының жиынтығы 90 күннен аспауы қажет.

Екі елдің бірінде 30 күннен артық болу қажеттігі туындаса, азаматтар тиісті санаттағы кіру визасын рәсімдеуі қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Министрлік ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына визасыз кіру келісімі қолданылмайтынын ескертеді. Қазақстан азаматтары Гонконгқа 14 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет болады.

Жалпы алғанда қазақстандықтар 34 елге визасыз бара алады. Бұл елдердің тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Өткен жылдың 10 қарашасында Көлік министрлігі Қытаймен арада визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты екі ел арасында әуе рейстерінің саны артатынын хабарлады. Атап айтқанда, Алматы-Пекин бағытында 6 рейс ұшырып келген. Енді жеті рейс ұшатын болады. Ал Астана-Пекин бағыты бойынша рейс аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін артады. Бұрын Алматы-Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс ұшып жүрген. Ал алдағы уақытта 7 рейске дейін ұлғайтылмақ. Келесі жылдан бастап, Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашылады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан сондай-ақ Сейшел аралдарымен визасыз режим туралы келісімге қол қойды. Сонымен бірге Вьетнаммен визасыз режим орнатуға келісіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарын бекітті. 

Сондай-ақ оқыңыз