2023 жылы 10,5 млн қазақстандық шетелге саяхаттаған
Былтыр қазақстандықтар ел ішінде саяхаттағаннан гөрі, шетелде демалғанды қолай көрген. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бюроның хабарлауынша, шетелге барған отандастар саны 10,5 млн болса, ішкі туризмге 9,7 млн адам тартылған. Қазақстандықтар негізінен Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және БАӘ, Қытай, Мысыр, Гүржістан бағыттарында саяхаттаған.
Сонымен бірге өткен жылы елдегі туристерге арналған орынжайлар табысы рекордтық көрсеткішке жеткен, яғни 229,2 млрд теңгені құраған. 2022 жылдан бері көрсеткіш 12,4%-ға артқан. Бұл орайда Алматы қаласы көш бастап тұр. Шаһарға туризмнен түскен табыс көлемі 74,1 млрд теңгені құраған. Ал Астана қаласының көрсеткіші 20%-ға кем. Қаланың саяхаттан түскен табысы 45,4 млрд теңге. Дей тұрғанмен қалада туристерге арналған орындар 32,2%-ға артқан. Бұл алдағы уақытта кіріс көрсеткішінің еселене түсуіне жол ашпақ.
Елде туристер түнейтін нысандар 2023 жылы 8,1 млн адамды қабылдаған. Бұл да Қазақстан үшін жоғары көрсеткіш саналады. Қоналқы орындарға 1,1 млн шетелдік келген. Бір жылда Қазақстанға қызығушылық танытқан туристер саны 156,9 адамға артқан.
Шетелдік туристер ішінде Қытай (+59,4 мың), Үндістан (+32,5 мың), Оңтүстік Корея (+13,9 мың), Германия (+10,9 мың), АҚШ (10,3 мың) үлесі зор. Ал көршілес Ресей елінен (-64,6 мың адам) келетіндер саны едәуір кеміген. Соның өзінде көрші елден келгендер саны шетелдік туристердің 40%-ын құрайды.
Былтыр елге қанша адам саяхаттаған?
Еске сала кетсек, Туризм және спорт министрлігі 2023 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанға ең көп турист Ресей федерациясы мен Қытай халық республикасынан келгенін хабарлады. Министрлік мәліметінше 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанға 356 850 ресейлік саяхаттаған. Ал екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді.
Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) мәліметіне сәйкес, 2018- 2022 жылдары Қазақстанның ЖІӨ-дегі туризм үлесі COVID-19 пандемиясына байланысты қатты төмендегенін жазған едік. Тек 2022 жылы туризм 3,9%-ға, пандемияға дейінгі деңгейге жеткен.
Ресми мәлімет бойынша, туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған. Былтыр салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген.
Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақүй желілері ашылған.
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, туризмді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында 2029 жылға дейін ішкі туристер санын 9 млн-ға, шетелдік туристерді 4 млн-ға жеткізу көзделген. Туризм саласындағы мамандарды 1,6 есеге, ал инвестиция көлемін 2 есеге өсіру жоспарланған.
Алайда Қазақстан 10 жылдан бері туристік брендін әзірлей алмай отыр. Оған қоса Жоғары аудиторлық Палата туризм саласындағы оператор – Kazakh Tourism-ге қатысты жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын заң бұзушылықты анықтаған.