Жаңа ипотекалық бағдарламаны толық жүзеге асыруға 1,7 трлн теңге қажет

Жарияланды
Жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы 8 жылға жоспарланған / Фото: kursiv.media

Қазақстанда жуырда жылдық ставкасы 7% жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 8 жылға 1,7 трлн теңге қажет болады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бағдарлама негізінде купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қарастырылған. Оған сәйкес бағдарлама операторы – «Отбасы Банкі» қаржы нарығында 8 жыл бойы жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын облигациялық заемдар шығарып отырады. Облигациялардың табыстылық мөлшерлемесі базалық деңгейде (14,75%) болады. Негізінен бүгінде корпоративтік облигациялар бойынша орташа кіріс көлемі – 23-26%-ды құрап отыр. Бұл базалық деңгейден әлдеқайда жоғары.

Министрліктің хабарлауынша, облигацияларды сатып алушылар нарық субъектілері мен банктер болады. Бірінші жылы 300 миллиард теңге көлемінде облигациялар шығарылады, ал одан кейінгі жылдары 200 миллиард теңге көлемінде облигация шығару көзделген.

Жалпы, 7–9% ипотекалық мөлшерлеме базалық мөлшерлеменің жартысын ғана құрайды. «Отбасы Банкі» үшін қаржыландырудың бұл механизмі тиімсіз болады дегенді білдіреді.

Жаңа ипотекалық бағдарлама 8 жылға созылады. Индустрия министрлігі бағдарламаның 2024 жылдың 1 мамырынан басталатынын растады. Бірінші жылы 12 мың адам жеңілдетілген несие ала алады. Одан кейінгі жылдары – қаржыландыру 300 мрд теіңгеден 200 млрд теңгеге дейін азаяды. Бұл шамамен жылына 8 мың несиені құрайды.

Ипотека «Отау» бағдарламасы сияқты жұмыс істейді. Яғни, өтінімдерді қабылдау, қатысушыларды рейтинг пен іріктеу, бастапқы тұрғын үйді таңдау және броньдау өзгеріссіз қалады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Биыл 300 млрд теңге бөлінетін бағдарламаға жас мамандар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемін алушылар, Отбасы банк салымшылары, шағын қалалар мен аудан орталықтары және ауылдық елді мекендердің тұрғындары қатыса алады.

Жаңа ипотекалық бағдарлама еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады. Ірі мегаполис саналатын Астана, Алматы қалаларына 30 миллион теңгеге дейін ипотекалық қарыз беріледі. Бұл қаражатқа басқа аймақтарда бастапқы және екінші нарықтағы баспана берілетін болады. Соынмен бірге жеке сектордағы үйлерді рәсімдеуге болады. Мәселен, өңір тұрғындары 18 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады.

Ал 1 наурыздан бастап елде «Отау» бағдарламасы (9-20-19) іске қосылды. «Отауды» жандандыруға жылына 150 миллиард теңге бөлінеді. Бұл бағдарлама бойынша 9% ставкамен 19 жылға несие беріледі. Бастапқы жарнасы – 20%. Бұл бағдарлама бойынша жұмысшы жастар санатына басымдық беріледі. Аталған жобалардан бөлек «7-20-25» үй бағдарламасы жалғасын табады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 999 млрд теңгеге 73 161 қарыз берілді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл рекордтық қарқынмен 18 млн шаршы метр баспана салынатынын мәлімдеді.

Жыл сайын баспана құны шарықтап келеді. Инфляция жаңа бағдарламалардың жүзеге асуына қаншалықты әсер ететіні белгісіз. Сарапшылар инфляция мен базалық мөлшерлемінің төмендеуі тұрақты күйде болса, жыл соңында ипотеканың құны жылдық 12%-ға төмендеуі мүмкін деп болжайды. Ірі қалаларды былай қойғанда, облыс орталықтарындағы үй бағасы төмендей қойған жоқ. Халық табысының өспеуі, түрлі салада тауар бағасының өсуі, жылжымайтын мүлік нарығында іркілістер қалтаға соғатыны анық. Жаңа ипотекалық бағдарлама қаншалықты қауқарлы болатынын уақыт көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз