Атырау мұнай зауытына жаңа басшы тағайындалды

Жарияланды
Атырау мұнай зауытына
Бұрынғы басшылары Атырау мұнай өңдеу зауытына және мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін / Коллаж: kursiv.media

Бірнеше ай бұрын дау шыққан Атырау мұнай өңдеу зауытына жаңа басшы келді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауытқа Абзал Досжанов басшы болып тағайындалған.

Баспасөз қызметі мәліметіне сүйенер болсақ, Абзал Досжанов Атырау қаласының тумасы. Еңбек жолын 2006 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық қондырғылардың операторы болып бастаған. Кейін гидрогенизациялық процестер ауысымының бастығы, кәсіпорынды жаңғырту жобасын сүйемелдеу тобының технология бойынша бас маманы болып қызмет еткен.

Ал 2010 жылдан бастап KMG International компаниясында жұмыс істей бастаған. Кейін Петромидия зауытының процестерді жақсарту жөніндегі менеджері қызметін атқарған. Содан кейін Rompetrol Rafinare мұнай өңдеу зауыты бас директорының бірінші орынбасары-бас инженер лауазымына дейін көтерілген.

2023 жылы «ҚМГ»-да мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаменті, мұнай өңдеу басқармасының бастығы болып тағайындалған.

АМӨЗ-дегі дау

Еске сала кетсек, Досжановтың алдында басшылық еткен Ғалымжан Жусанбаев бұл қызметте ұзақ отырмады. Тағайындалғанына бір ай болғанда дау шығып, әріптестері үстінен шағым түсірді. Бұдан соң АМӨЗ атқарушы директоры қызметіне жаңа тағайындалған Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, АМӨЗ-де болып жатқан келеңсіз жағдайлар туралы баяндады. Ол бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтты. Өзіне қарсы басталған шабуылдың себебі сол екенін мәлімдеді. Ол 2020-2023 жылдар аралығында еншілес компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу фактісі анықтағанын хабарлады. Бұл сатып алулар көптеген бұзушылықтармен жүзеге асырылғаны айтылды.

Өз кезегінде зауыттың ескі қызметкерлері Жусанбаевты зауыттың жұмысына кедергі келтірді, төтенше жағдайда қауіпті жағдай туғызды деп айыптады. Жусанбаевтан бұрын АМӨЗ-дің бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын.  Ол АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптады. Бас инженер болашақта зауыт басшылығы тарапынан қаржылық ұрлық жасалуы мүмкін екенін айтты.

Ал 28 ақпанда ҚМА мен өңірлік прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытына тексеру жүргізілетінін хабарлады. ҚМА мәліметінше компания басшылығы өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз