Цифрлық даму министрлігі жеке деректердің таралуына жол берген Zaimer.kz микоқаржы ұйымына 2 млн теңгеге жуық айыппұл салды
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерінің таралуына жол берген Zaimer.kz микоқаржы ұйымына 1 846 000 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлікке қарасты «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Қазақстан азаматтарының арасынан Zaimer.kz (МФО Robokesh.kz ЖШС) клиенттерін анықтай отырып, таралған деректерге талдау жүргізген.
«Министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, «Robokesh.kz» ЖШС-не Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бүгінгі таңда аталған фактіге қатысты министрлікке азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түсті»,- деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Тексеру жұмыстары аяқталған соң, әкімшілік іс қозғалып, комитет компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде Robokash.kz ЖШС-на 1000 АЕК мөлшерінде, жеңілдетілген тәртіпте, айыппұл салған. Микроқаржы ұйымы ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабының 4 бөлігіне сәйкес 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеген.
Сонымен бірге микроқаржы ұйымына үшінші тұлғалардың дербес деректерін қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдау жөніндегі міндеттемелер жүктелген.
2 млн-нан астам қазақстандықтардың жеке деректері таралып кетті
Еске сала кетсек, 2024 жылғы 5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 млн-нан астам жеке деректерінің таралып кеткені жайлы хабарлады.
Жалпы, Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 млн-нан астам деректер анықталды. Оның ішінде РФ – 23,6 млн, Филиппин – 5 млн, Вьетнам – 2 млн деректері бар.
Ал 10 наурыз күні ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Әтен микрокредиттік ұйымда жеке деректері тарап кеткені туралы хабарлама алған азаматтарға үндеу жолдады.
«Сізге eGov қосымшасы арқылы жеке деректеріңіздің таралып кеткені туралы хабарлама келсе, Zaimer микрокредиттік ұйымының клиенті болмасаңыз да, міндетті түрде Цифрлық министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз. Бұл сіздің жеке деректеріңіздің қауіпсіз болуы үшін қажет»! – делінген хабарламада.