Мұнай бағасы 1,66% қымбаттап, қазаннан бері ең жоғары деңгейге жетті
Мұнай бағасы қымбаттады. Лондонның ICE Futures биржасында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстерінің құны барреліне 88,87 долларды құрады. Бұл алдыңғы сауданың жабылуындағы көрсеткіштен 1,45 доллар (1,66%) жоғары.
Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электронды саудада мамыр айындағы WTI мұнай фьючерстерінің бағасы 1,52 долларға (1,82%) өсіп, барреліне 85,23 долларды құрады.
Бұл көрсеткіштер өткен жылдың қазан айында қазіргі деңгейден жоғары болған.
«Нарыққа геосаяси оқиғалар қолдау көрсетіп жатыр», – деп хабарлайды Trading Economics.
Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне әуе шабуылынан кейін, Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейді.
Бұған қоса, Мексиканың мемлекеттік мұнай компаниясы Pemex алдағы айларда мұнай экспортын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл шикізат тапшылығына қатысты алаңдаушылық тудырады.
«Мұнай нарығы да ОПЕК+ жаңалықтарын күтуде», – деп хабарлайды Trading Economics.
3 сәуірде қайта жиналатын коалиция мемлекеттері қазіргі өндіріс шектеулерін сақтап қалуы мүмкін.
Өткен айда «қара алтын» бағасы АҚШ-тағы шикізат қорының азайғаны туралы мәліметтерге байланысты шамамен 4%-ға өскен.
Еске сала кетсек, Украина Ресей мұнайын өндіру зауыттарына жасаған шабуылынан кейін, Ресейде бензин бағасы едәуір көтерілді.
DW ақпаратына сүйенсек, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы алты ай ішінде ең жоғары деңгейге жеткен.
Goldman Sachs компаниясы Brent бағасы барреліне 70-90 доллар шамасында қалыптасады деп болжам жасаған.
Сауд Арабиясы Азия елдеріне жеткізілетін мұнай бағасын көтерді. Алайда басқа аймақтар үшін «қара алтын» бағасын арзандады. Бұл шешім осы айда күшіне енді.
Азия елдеріне жеткізілетін Arab Extra Light және Arab Light маркалы шикізат барреліне 0,2 долларға қымбаттайды. Нәтижесінде Оман/Дубай «қара алтыны» бағасынан асып түсті. Яғни барреліне 1,7 долларға жоғары болады. Осылайша аталған маркалардың құны барреліне 0,3 долларға өседі.
«Еуропа елдері үшін мұнай бағасы барреліне 0,6-0,7 долларға, АҚШ үшін барреліне 0,1-0,2 долларға төмендейді», – деп хабарлады Saudi Aramco мемлекеттік компаниясы.
Жыл басында «қара алтын» құны Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылды. Сарапшылардың пайымынша, әлемдік «қара алтын» нарығына Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюі ықпал етті.