Құмар ойындар мен бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Құмар ойындар мен бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі / shutterstock

Қазақстанда құмар ойындарға қатысу және бәс тігу жасын 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру туралы ұсыныс жасалды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодеске азаматтарды құмар ойындарға тарту жауапкершілігін қатаңдатуға қатысты заңға түзетулер әзірленді.

  • Құмар ойындарға қатысу және бәс тігу жасын 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру;
  • Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың 25 жасқа толмаған азаматтардың құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына рұқсат бергені үшін жауапкершілікке тарту;
  • Ойын бизнесін ұйымдастырушыларды құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертуге міндеттеу, сондай-ақ осы норманы орындамаған кезде лицензияны тоқтатып, 1000 АЕК дейін (2024 жылы 3,6 млн теңге) айыппұл салу;
  • Тотализаторлар мен букмекерлік кеңселердің заңсыз жарнамасы үшін 400 АЕК дейін (2024 жылы 1,4 млн теңге) айыппұл салу ұсынылды.

Туризм министрлігінің хабарлауынша, жеті мыңнан астам қазақстандық eGov Mobile арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге өз-өзіне шектеу қойды. 

ҚР азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі онлайн қызмет 18 наурызда пилоттық режимде іске қосылған. Бірінші сәуірдегі мәліметтерге сәйкес, қызметті жеті мыңнан астам адам пайдаланған. Қағаз форматында құмар ойындар мен бәс тігуден үш мыңнан астам адам өздерін шектеген.

Ойын бизнесіне қатысты аппараттық-бағдарламалық кешендерін интеграциялау тәртібі «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарында белгіленген тәртіппен реттеледі.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бері Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 есе, 38 ден 16 – ға дейін қысқарған. Ал, іс жүзінде жұмыс істейтіндері – 12.

«Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді, ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді.

Жарнамаға тыйым салу

Букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамасына толық тыйым салынуы қажет екендігі туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Ал ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Осындай талап қойған Мәжіліс депутаттары «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев келтірген дерекке сүйенсек,  2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастағанын алға тартты.

Сондай-ақ оқыңыз