Күрт көтерілмейді: Сәтқалиев жылу және электр энергиясына тарифтер қалай көтерілетінін айтты

Жарияланды (жаңартылды )
тарифтер
Тарифтер кәсіпорындардың өтінішіне байланысты көтеріледі / Фото: shutterstock

Қазақстанда электр және жылу энергиясына тарифтер тағы көтеріледі. Бұл жайлы Мәжілістен кейін өткен брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Биыл тарифтерді көтеру жоспарланған. Электр энергиясына, жылуға тарфитер қаншалықты көтеріледі?», – деп сұрады журналистер.

Министр бағалардың қаншалықты көтерілетінін нақты айта алмайтынын, бірақ тарифтердің бірден көтерілмейтінін жеткізді.

«Әзірге мен бағалардың нақты қаншалықты көтерілетінін айта алмаймын. Өздеріңіз білесіздер, жылу желілері заңға сәйкес жаңа тарифтерге көшуді енді бастайды. Энергетикалық нысандарға қатысты айтар болсақ, оларға қомақты қаражат қажет керек. Бірақ соған қарамастан, бізде тарифтердің күрт өсуіне жол берілмейді. Бағалар Ұлттық экономика министрлігі бекіткен дәлізден аспайды. Инфляциялық жағдай ескерілетін болады», – деді министр.

Журналистер халық қазіргі уақытта төлеп отырған коммуналдық қызметтер бағасы күрт өсіп кеткенін, бұрын орта есеппен коммуналдық қызметтерге 15 мың теңге төленіп келсе, қазір 30-35 мың теңге болғанын айтты. «Баға екі есе өсіп, күрт көтерілді «,– деді журналистер.

«Бұл шаралар шұғыл қабылданды. Өйткені шұғыл әрекет ету қажет болды. Кәсіпорындар энергетика саласындағы кәсіби мамандардың жалақысын салалық орташа жалақы деңгейіне көтеру үшін және қысқы мерзімге жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында тарифтерді көтеруді сұрады. Оның өзінде кейбір салаларда жұмысшылардың жалақысы салалық орташа жалақы деңгейіне жетпегенін айтқым келеді. Өткен жолғы тарифтердің көтерілуі осы екі себепке – станциялардың тозуымен және жалақы көтеру мәселесімен байланысты болды»,– деді Сәтқалиев.

Журналистердің «алдағы уақытта тарифтер дәл осылай екі есе көтеріліп кетпей ме?» деген сұрағына министр: «Бұл кәсіпорындардың өтініштеріне байланысты. Өтініштерін қабылдап алған соң ғана тарифтердің қаншалықты көтерілетінін нақты айта аламыз»,- деп жауап берді.

Айтуынша, өткен жылы кәсіпорындар тарифтерді 60-70 пайызға көтеру жөнінде өтініш білдірген. Бірақ министрлік 30 пайыз деңгейінде көтеру туралы шешім шығарған.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 1 маусымынан бастап Энергетика министрлігі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясына шекті тарифтерін түзеді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24% құрады.

Ал осы жылдың қаңтарында бұрынғы ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының кейбір субъектілері мен түрлері бойынша тарифтің өсуі орта есеппен 10-15% шамасында болатынын, ал жалпы коммуналдық қызметтер тарифі 20-30%-ға өсетінін мәлімдеді.

«Бағаны шекті шамада ұстауға тырысамыз. Әйтпесе тарифтің өсуі едәуір болар еді. Инфляцияны да ұстап тұру керек. Коммуналды қызмет көрсету саласының барлығы қымбаттайды. Өйткені барлық инфрақұрылымның тозығы жетіп ескірген», – деген болатын Қуантыров.

Сондай-ақ оқыңыз